Қазақты қырған қас дұшпан – Шонжы

Қазақты қырған қас дұшпан – Шонжы
Фото: kk.wikipedia.org, asiarussia.ru

Ұлтарақтай жер үшін, жерге ие ел басына күн туғанда ұлттың жоғалмауы үшін батыр бабалар қан майданда қас дұшпанмен қасық қаны қалғанша соғысты. Соғыс – барды жоқ қылатын, гүлді күл қылатын, жақыныңды алыстататын, 5 әріптің артына барлық зұлымдықты үймелеткен адамзат дамуына тек кері әсер етуші үлкен күш. Соғыс өрті қазақ жерінде де маздап, бір кездері алаулап тұрып жанды. Қазақтың қас дұшпаны – жоңғар болды. Шығыс шекарамызды бұзып, қазақтың баласына мұраға қалған сайын далаға көз алартқан басқыншы топ ғасырдан астам уақыт бабалармен айқасты.

Қазақ жерін жаулап алу кезінде жоңғарлар бүгінгі Алматы облысының және Шығыс Қазақстан облысындағы мекендерге, тау-жоталарға, ірілі-ұсақты өзендерге жоңғарша атаулар берген. Бүгінде сол аймақтар әлі күнге дейін сол атпен аталады. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Республикадағы көптеген орысша жер-су атаулары жаппай қазақшаланды. Бірақ, осы әрекетті жүзеге асыру кезінде орыс тілінде емес, бірақ қазаққа мүлде жат жер-су атауларын ауыстыру кенже қалып қойды.

Алматы облысындағы 17 ауданның бірі – Ұйғыр ауданы. Республика бойынша ұйғыр халқы ең көп шоғырланған бұл мекеннің орталығы – Шонжы ауылы. «Шонжы» деген атау қазақ тілінің сөздік қорында жоқ. Сол сияқты бұл сөз ұйғырлардікі де емес. Шонжы – жоңғар-ойрат есімі. Түріктанушы С.Е.Малов: «Шонжы сөзі «кең, жай, танап» мәніндегі сөз тіркесі» деп пікір айтқан. Қазақты қан қақсатқан осы бір елдің қолданысында болған атау қазақ жеріндегі мекенге не себепті берілген?! 

Шонжы – жоңғардың қас батыры болған. 1683 жылдың жазында, әңгімеге арқау болып отырған мекенге Ғалдан Бошоктың Шығыс Жетісу қонтайшысы, жоңғардың әйгілі батыры Шонжы 10 мың қолмен басып кіреді. Аты алысқа кеткен Шонжыға қарсы тұруға қазақ жасақтарынан тек 6 мың әскер жасақталады. Осы жасақтың қолбасшысы жергілікті жауынгер – Әлмерек батыр еді. Әлмерек сарбаздарының аздығына қарамастан жауға қасқая қарсы тұрады. Шонжыны жекпе-жекке шақырып, барлығы 16 мың қазақ-жоңғар жасақтарының қақ ортасында қазақтың Әлмерегі Шонжының басын шауып түсіреді. Сағы сынған жау әскері осы майданда тоз-тозы шығып үлкен шығынмен жеңілген екен. Тарихта бұл оқиға Орбұлақ шайқасының жалғасы деп те айтылады. Шонжының басы домалап топыраққа түскен жерді жергілікті халық «Шонжы өлген» жер деп атап кетеді. Кейіннен бұл атаудың «өлгені» түсіп қалады да, «Шонжы» деген атауға ие болып қалады. Сол кезеңнен бері арада 4 ғасырға жуық уақыт өтті. Бұл мекенге ұлтымыздың амандығы жолында ерлік танытқан Әлмерек батырымыздың емес, жоңғар батырының атауы берілді. Ал, бұл оқиға болмастан бұрын бұл аумақ «Әлмерек жайы» деп аталыпты. Яғни, батыр ауылының жеке жайлауы, әскерін жаттықтырып, соғысқа дайындалатын ашық алаңы болған екен. Аңыз-әфсаналарда, жергілікті көнекөз қариялардың әңгімелерінде бұл тұс әуелі сонау Үйсін дәуірінде, Жібек жолы кезінде, одан бері Шыңғыс хан дәуірінде Қарадала сауда жолының бір тармағы болған екен. Ал Кеңестік кезеңде бұл мекеннің Чунжа, Чунджа деп аталғанын өзіңіз жақсы білесіз. 

Шонжы атауын өзгерту туралы жергілікті тұрғындардың, белгілі жазушылардың бастамасымен осы күнге дейін бірнеше рет басқосулар өтті. Бірақ, әзірше бұл іс жүзеге аспай отыр. Жерімізді тартып алып, елімізді жоқ қылуды көксеген қас дұшпанның батырын халық санасынан 4 ғасыр бойы өшірмей жүргеніміз салғырттық па, әлде бұл жайдың да тарихи астары бар ма?

А. Қажиев