Жер мен тәуелсіздік қадірі: Үндіс қарияның даналығы

Жер мен тәуелсіздік қадірі: Үндіс қарияның даналығы
Фото: vk.com

Қазіргі Америка Құрама Штаттары жеріне еуропалықтар жаппай қоныс аудара бастаған шақта сол аймақты мекен еткен үндістерге үлкен әділетсіздік жасалды. Олар ата-қонысынан айрылып, өз жерлерінде бөгде құрлықтан ауып келген ақтардың қыспағына алынды. Қазір сол қанаушылықты жуып-шаю мақсатында үндістер ұрпақтарына мемлекеттік деңгейде түрлі қолдау шаралары жүргізіліп жатқанымен, туған жер мен еркіндікті басты құндылық санаған ұлттың тарихи әділетсіздікке қатысты өкініші әлі күнге дейін сақталғанға ұқсайды. Бәлкім, сол оқиғаны басынан өткермеген кейінгі буынға тарихи жад арқылы, қан арқылы жетсе керек. Оны мына оқиғадан да байқауға болады.

1960-шы жылдары НАСА ұйымы Айға ұшатын ғарышкерлерге дайындық жаттығулар жүргізді. Олардың бірқатары америкалық үндістердің навахо тайпасының ата-қонысы Аризона штаты жерінде өткізілген екен.

Бір күні ғарышкерлерді дайындаушы бір топ азаматтардың жанына сол аймақта қой бағып жүрген қарт үндіс пен оның ұлы келеді. Өзі тек навахо тайпасының тілінде сөйлейтін болғандықтан, ағылшынша сөйлей алатын ұлы арқылы қария «Мына үлкен ақ киімді адамдар не істеп жүр?» деген сұрақ қояды. Ғарышкерлерді жаттықтырушы топтың бір мүшесі Айға ұшуға дайындалып жатқанын айтады.  

Қария ғарышкерлер арқылы Айға хабарлама жібергісі келетінін жеткізеді. НАСА ұйымының қызметкерлері мұның жақсы жарнама болатынын бірден байқай қойып, үлкен кісінің айтқанын магнитофонға жазып алады. Оның не айтқанын баласы аударудан бас тартады.

Кейін НАСА өкілдері хабарламаны өзге де үндістерге тыңдатады. Олар да «ағылшын тіліндегі баламасын табу қиын» деген сылтаумен аудармай қояды. Соңында НАСА навахо тілін зерттеуші лингвист профессормен байланысқа шығады. Ол да бір күліп алады да: «Құрметті, Айдағы бауырлар! Мына адамдарды жіті қадағалаңыздар, олар сіздің жерді тартып алуға келді!»– деп аударып береді.

А. Оралқызы