Тәуелсіздік: АҚШ

Тәуелсіздік: АҚШ
Фото: vk.com

Мемлекетіміздің Тәуелсіздік мерекесі алдында адамзат тарихында бостандық үшін болған күрестер мен қызықты танымдық оқиғалар легін ұсынуды жөн көрдік. Мұндай мақалалар жалғасын табады. Ал, бүгінгі мақала қазіргі таңда әлемдегі алпауыт мемлекеттердің бірі болып отырған Америка Құрама Штаттарының еркіндік үшін күресі туралы жалпылама ақпаратқа арналып отыр.

Қазіргі Америка Құрама Штаттары жерінде ежелден америкалық үндістер өмір сүргені бізге мектеп бағдарламасынан белгілі. География және тарих сабақтарынан Американы Христофор Колумб (1492—1503) ашқанын да білеміз. Осы оқиғадан кейін, яғни, XVI ғасырда Англия, Испания, Нидерланд, Франция, Швеция Солтүстік Американы отарлауға кірісті. Ал, XVIII ғасырдың 60-жылдарына қарай Ұлыбритания Солтүстік Американы түгелдей дерлік басып алды. XVII ғасырдың басында Америкаға ауыр жұмыстарға пайдалану үшін Африкадан құлдар әкелу басталды. Англия королі тарапынан отарларға қатысты салық саясаты жүргізілді. Осы отарлық қанаудың күшеюі тәуелсіздік жолындағы соғысты туғызды. Бұл күрес жылдары тарихта Америкалық революция атауымен белгілі.

Ұзақ теке-тірес пен күрестің нәтижесінде 1776 жылы 4 шілдеде Тәуелсіздік декларациясы қабылданды. Декларацияда 13 ағылшын отары бірігіп, дербес мемлекетке айналып, АҚШ-тың құрылғандығы жарияланды.

Америка буржуазиялық революциясы деп аталған тәуелсіздік соғысында Англия жеңіліс тапты. 1783 жылғы келісім шарты бойынша, АҚШ-тың тәуелсіздігін мойындады. 1787 жылы АҚШ Конституциясы қабылданды, елдің бірінші президенті болып Джордж Вашингтон сайланды.

1776 жылы Құрлықаралық Конгресс қабылдаған Тәуелсіздік декларациясы жобасының авторы, қоғам құрылысын демократияландыруға үлкен зор қосқан Томас Джефферсон 1800 және 1804 жылдары АҚШ президенті болып сайланды.

Биыл Америка Құрама Штаттары Тәуелсіздігін 241-рет тойлады.

А. Оралқызы