Астанада "Алаш Қозғалысы"деректі жинағының тұсаукесері өтті

Астанада "Алаш Қозғалысы"деректі жинағының тұсаукесері өтті
Фото: Автордан

18 мамыр күні ҚР-ның Ұлттық академиялық кітапханасында Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығына орай «Ел-Шежіре» қоғамдық қоры шығарған ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Движение Алаш» атты 3 томдық құжаттар жинағы мен Болат Мүрсәлімнің «Алашорда» фотоальбомының таныстырылымы өтті. 

Жинақтар «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен «Ел-Шежіре» қоғамдық қорымен шығарылған. Іс-шарада қоғам қайраткерлері, отандық ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты, олардың ішінде тарих ғылымдарының докторы, Стамбул қаласының Мимар Синан көркем университетінің профессоры Абдуахап Кара, журналист, «Алашорда» фотоальбомының құрастырушы Болат Мүрсәлім, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының ресми өкілі Лима Диас бар. 

Кездесу модераторы «Алашорда» үштомдық басылымының авторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Жұртбай болды. «Алаш» идеясы – мен үшін мәңгілік идея. Ол әрқашан бізді тәрбиелеп, қазақ халқының құндылықтарын сақтады. Кітаптарды басып шығаруға қолдау көрсеткен "Самұрық-Қазына" Қорына және жеке Шөкеев Өмірзақ Естайұлына  алғыс білдіреміз», - деді Т. Жұртбай. 

Т.Жұртбайдың «Алаш Қозғалысы» атты 3 томдық жинағы архивтегі құпия құжаттар мен сот материалдары негізінде құрастырылған, деректі шығарылым. Көрнекті ғалым Тұрсын Жұртбайдың үштомдық басылымы 1927-1932 және 1937-1938 жылдардағы "Алаш" партиясының және "Алашорда" үкіметінің қайраткерлері тергеу ісі мән-жайлар туралы Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің мұрағатты материалдарына негізделген. 

Б. Мүрсәлімнің «Алашорда» фотоальбомы – сирек суреттер негізінде құрастырылған, Алаш арыстарының өмірі мен қызметі фотодеректер арқылы көрсетілген, үлкен кызығушылық танытатын жұмыс. «Алаш Қозғалысы» басылымы мен "Алашорда" фотоальбомы оқырмандар арасынан, әсіресе мәдени элита және қоғамдастықтың рухани тарапынан үлкен сұранысқа ие болатыны күтілуде. 

«Біз осы жобаға қатысқанымызды мақтан тұтамыз. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры «Алаш» қозғалысының мақсат-мүдделерін толығынан қолдайды. Сондықтан, бұл жинақтардын шығаруына қуаныштымыз және жарияланған материалдар барлық тарихшылар, зерттеушілер, студенттер үшін өз пайдасын береді деп үміттенеміз», - дейді Лима Диас – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының ресми өкілі. 

Кездесу қатысушылары атап өткендей, "Алаш Қозғалысы" басылымы мен «Алашорда» фотоальбомы алдағы уақытта ХХ ғасыр қазақ тарихының сенімді ақпараты болып пайдаланылуы мүмкін. 

Г. Берік