Су астынан ертеректе өмір сүрген сүтқоректілердің сүйектері табылды

Су астынан ертеректе өмір сүрген сүтқоректілердің сүйектері табылды

2007 жылы Кариб теңізінің сүңгуірлері Мексиканың шығыс бөлігіндегі Юкатан түбегінің суасты үңгірлерінің бірінде антропологиялық маңызы бар орынға тап болған.

Бұрын белгісіз болған үңгірге спелеолог мамандар Сьюзен Бирд және Альберто Нава «қара тәнді Hoyo» (испан тілінде «қара ойық») деген атау береді. Шамамен екі ай өткен соң Нава және оның әріптестері зерттеу жабдықтарымен толық қаруланып алып, Ноуо суасты үңгірінің 52 метр тереңіне дейін ене алған. Бірнеше күндік тыңғылықты зерттеу жүргізудің арқасында, ғалымдар кейін үңгірдің 60 метр тереңдігінде үлкен алаңқайға тап болады.

«Мынадай қараңғы түнекке көзіміз үйреніп қалғандықтан, кішкене көзге ілікпейтін сүйектің қалдықтарын таба бастадық. Сосын табылған орынның антропологиялық маңызы бар болғандықтан, зерттеуді жалғастыруға антрополог Джеймс Чаттерстің командасын шақырдық», - дейді Нава.

Зерттеудің барысында, Джеймс Чаттерс 26 үлкен сүтқоректінің сүйек қалдықтарын табады. Атап өтсек, осыдан 40 000 жыл бұрын жойылып кеткен піл текті Гомофор (gomphothere), азу тісті мысық тектес жыртқыш пен үлкен мамық түкті жалқаулардың (13 000 жыл бұрын құрдымға кеткен) сүйектері еді. Әзірге жойылмаған сүтқоректілерден пума, сары сілеусін, америка қасқыры мен аюының қалдықтары бар болып шықты.

Сүңгуірлердің бірі оқыста адамның бас сүйегін тауып алған. Бас сүйегінің көлеміне мән беретін болсақ, иесі жасөспірім болған. «Бұл адамның тістері толық сақталған. Біз оған «Naia» деп атау бердік. Бас сүйекке антропологиялық сараптама жүргізу арқылы оның 15-16 жастағы (өлген кездегі жасы) қызға тиесілі екендігі анықталды», - дейді Джеймс Чаттерс.

Naia мен алып сүтқоректілер үңгірге кірген кезде су болмағанын тастарға жабысқан балдырлардың қалыңдығынан байқауға болады. Ол кезде Юкатан түбек болмаған. Ашық құрғақ аймақ болған екен.

Зерттеушілер спелеологиялық және антропологиялық арнайы құрылғыларын қолдану арқылы адамның бас сүйегін орнынан жылжытпай зерттеп шықты. Нәтижесінде сүйек қалдықтары табылған 16 жастағы қыздың осыдан 12 000 немесе 13 000 жыл бұрын өмір сүргендігі анықталды. Ол Америка құрлығында табылған ең ертеректе өмір сүрген алты адамның бірі ретінде АҚШ-тың Ұлттық Тарихи Мұражайының антропологиялық жәдігеріне айналады.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: news.discovery.com

Ж. Өрісбай