Starbucks – классикалық кофенің дәмі

Starbucks – классикалық кофенің дәмі

Starbucks - бұл әлемдегі әйгілі кофе дайындайтын дүкендердің торабы. Қазақ еліне онша белгілі бола қоймаған Starbucks Corp. кофенің дәнімен айналысатын және кофенің түрлерін дайындайтын мейрамханалар торабына иелік ететін корпорация.

Бірақ 1971 жылы құпия талғаммен дайындалатын кофені ішу үшін Сиэтлға дейін алыс сапарға шығуыңызға тура келетін еді. Қазірде дукендер мен мейрамханалар торабы 19 000-ға жетіп, әлемнің 60 елінде қызмет көрсетеді. Соның ішінде 12 781-і АҚШ-та, 1241-і Канадада, 1062-сі Жапонияда, 976-сы Ұлыбританияда және 60-сы Ресейде орын тепкен.

1971 жылы ағылшын тілі мұғалімі Джерри Болдуин, тарих пәні мұғалімі Зев Зигал және жазушы Гордон Боукер Сиэтлда кофе дәндерін сатумен айналысатын жеке дүкендерін ашады. Әрине, сол кезде бизнес-империя құру олардың ойларында да болмаған. Стартап бизнеске әрқайсысы 1350$ доллардан салып, сосын тағы 5000$ несие алып, өз істерін дөңгелетіп әкетеді. Дукеннің атын Герман Мелвиллдің "Моби Дик" романындағы кофеге құмар кейіпкер Старбектің құрметіне қояды. Ішкі интерьер де классикалық теңіздің үлгісінде жасалады.

Компанияның алғашқы логотипі қоңыр түспен көмкерілген су перісі еді. Су перісінің таңдап алыну себебі - кофенің жоғары сұрыптарының алыс аймақтардан алынуында болған. Ал оның қоңыр түспен әрленуі ерекше дәмді кофенің түсін білдірген. Жуырда компанияның логотипі қайта өзгеруі мүмкін. Ең алғашқы қолданылған логотип қайта талқыға салынып жатыр екен.

1982 жылы жергілікті инвесторлардың қолдауы арқылы Говард Шульц компанияны 4 млн. долларға сатып алады. Оның жаңа концепциясы Италияның кофе саласындағы мамандары  ұсынған эспрессо талғамының қосындысы болды. Ал 1990 жылдары кофе бизнесі Сиэтлдің төңірегінен шығады. Кейін АҚШ-тың басқа да қаларында ашыла бастады. Ал Starbucks-тің ең алғашқы мұхит асқан дүкені Жапонияда ашылды. XXI ғасырдың басында Старбакс кофе сусын өндірісі бойынша әлемдегі ең үздік брендтердің ондығына енеді.

P.S. Иә, біздің де ұстаздарымыз жеке бизнестерін бастап, оны алып империяға айналдыра алса ғой. Мүмкін, оған Мұқаң айтпақшы, үлкен арман керек болар. Starbucks компаниясы мейрамханалар желісінің франчайзингі жақын болашақта біздің елге де келіп қалар. Егер туристік немесе іс-сапармен шетел асып жатсаңыз, Starbucks-тің мейрамханасын айналып өтпеуіңізге кеңес береміз. Онда өз талғамыңыз бойынша эспрессо, махиато, латте, моха, каппучино, американо, мұз қосылған кофе және шәйдің түрлі дәмін тату мәртебесіне ие боласыз.

Ж. Өрісбай