Тарихқа ықпал еткен өнертабыстар: "Қара жәшік"

Тарихқа ықпал еткен өнертабыстар: "Қара жәшік"

"Қара жәшік" - ұшақ немесе тікұшақ бортында орналасқан, пилоттардың әңгімелерін бастан аяқ өздігінен жазатын (тіркеуші) аспап, сенімді қорғалған жинақтаушы құрал. Бастапқыда өздігінен жазатын мұндай құралдар тек авиацияда қолданылатын, алайда ол біртіндеп басқа да көлік түрлерін пайдалану ісіне ене бастады. Бірақ бүгін біз сіздерге "қара жәшіктің әуе көлігіндегі түрін кеңірек таныстырмақпыз. Адамзаттың ойлап тапқан бұл құралы ұшақ немесе тікұшақ жайсыз оқиғаға тап болып қалған жағдайда, кейін оның себебін анықтау кезінде борттағы пилоттардың әңгімелерінен апаттық жағдайға байланысты айғақтарды іздестіру ісінде қолданылады.

Алдымен, "қара жәшік" деген сөздің мағынасына үңіліп көрейік. Шындығына келер болсақ, "қара жәшіктің" түсі қара емес, оны апат орын алған жерден тезірек табу үшін көбінесе қызғылт сары түске бояйды. Екіншіден, "қара жәшік" пішіні жағынан жәшікке мүлде келмейді.

1

Көбінесе оны шар түрінде жасайды. Оған себеп дәл осындай пішіндегі дене максималды қысым мен салмаққа төтеп бере алады. Одан бөлек, қазіргі заманғы әуе кемелерінің бортында бір емес, екі бірдей "қара жәшік" орналасады.

Тарихы

1939 жылы Франсуа Уссено және Поль Бодуин атты екі француз азаматы ұшу кезіндегі ақпараттарды жинайтын тұңғыш тіркегіш құралды жасап шықты. Олардың құралындағы механизм тұрақты түрде фотопленкаға күн сәулесі мен ұшу кезіндегі жылдамдық, биіктік және тағы да басқа параметрлердің өзгерісіне байланысты ауытқып тұратын айналардың жүйесі арқасында ақпараттарды түсіріп отыратын. Бұл құралдың басты кемшілігі – ол ұшқыштардың әңгімесін жаза алмайтын. Сондықтан да авиациядағы қауіпсіздік саласы жаңа бір деңгейге көтерілуді талап етті.

1953 жылы аустралиялық Дэвид Уоррен Ұлыбританияда жасалған әлемдегі тұңғыш реактивті жолаушылар ұшағының апатын тергеу барысында пилоттар дауысын жазатын құралдың қажет екеніне, сондай-ақ оның көмегімен қайғылы оқиғаның да себебін тезірек анықтауға болатынына көзі жетті. Ол алғашқы "қара жәшіктің" үлгісінде ұшақтың кабинасындағы дауыстарды толықтай жаза алатын мүмкіндіктің болғанын қалады. Одан бөлек, өздігінен жазу құралының жұмыс жасау принципі де түбегейлі өзгерді: күн сәулесі мен фотопленканың орнын жұқа металл сым мен магниттен жасалған деталь алмастырды.

2

Дэвид Уоррен

Жаңа құрал іс жүзінде көп ұзамай сыналды. 1960 жылы Аустралия үкіметі әуе тасымалдаушы компанияларына иелігіндегі барлық ұшақтарды "қара жәшіктермен" жабдықтау жөнінде бұйрық шығарды. Кейін ақырындап қалған мемлекеттер де бұл талапты орындауға көше бастады.  

Құрылғы және оның қолданылуы

Әдетте ұшақ бортында бірнеше тіркегіш құралдар үздіксіз жұмыс жасап тұрады:

1) Жердегі қызметкерлер әуе кемесін жөндеу жұмыстары барысында қолданатын ұшақты пайдалану кезіндегі тіркегіш

2) Экипаждың іс-қимылдарын жазып алып отыратын тіркегіш

3) Ұшақ апатқа ұшыраған жағдайда оның себебін анықтау ісінде пайдаланылатын соққы мен өрттен және судан сенімді қорғалған апаттық тіркегіш құралдары.

Борттағы "қара жәшік" келесі мәліметтерді жинайды:

көліктің параметрлері: жанармайдың қысымы, гидрожүйелердегі қысым, қозғалтқыш айналымы, температура және т.б

экипаждың іс әрекеті: пилоттардың ұшақты қаншалықты дұрыс басқарғандығы, олардың ұшу кезіндегі әңгімелері және т.б

навигациялық мәліметтер: ұшу кезіндегі жылдамдық пен биіктік, бағыт және т.б

«Қара жәшіктің» құрылымы

Ұшақ немесе тікұшақ әуеге көтерілгеннен бастап жерге қонғанға дейінгі барлық ақпараттар магниттік сақтау құралдарына (металдан жасалған сым немесе магниттік лента), я болмаса қазіргі заманғы тіркегіш құралдарында беріктігі жоғары жинақтағышқа (флеш-жад) жазылады. Кейін ол ақпараттарды дәл уақытымен сәйкестендіріп оқуға мүмкіндік болады.

1

"Қара жәшіктің" ішіндегі жазба лентасы

Апат болған жағдайда жойқын соққы кесірінен ұшақ бөлшектеніп, әржаққа шашылып кететіндіктен оның бортындағы жазу аспаптарының барынша жақсы күйде сақталғаны өте маңызды. «Қара жәшіктерді» осындай жағдайда аман алып қалу үшін сыртқы корпусын соққыға төзімді титаннан құяды. Одан бөлек, олардың сыртына ізбес қабаты жағылады. Себебі, бұл материал «қара жәшіктің» 30 минут бойына 2 мың градусқа дейінгі жоғары температурада балқып кетуінен сақтайды. Ал ондағы ақпараттардың сақталу кепілдігі су астында 6 мың метрге дейін бір айды құрайды.

1

Апатқа ұшыраған ұшақтан табылған "қара жәшік"

Сондай-ақ борттағы өздігінен жазу аспаптарына апат болған жердегі іздестіру жұмыстарын жеңілдету мақсатында апаттық жағдай орын алған кезде автоматты түрде іске қосылатын радиомаяк және акустикалық дыбыс шығарушы белгілер орнатылады.  

Дегенмен де осындай жоғары қорғаныспен қамтамасыз етілсе де, ұшақ апатқа ұшыраған кезде «қара жәшіктердің» үштен бірі толығымен немесе жартылай бүлініп жатады. Бұл жағдайда тергеуші мамандар оны барынша қалпына келтіруге тырысады. Мысалы, олар үзіліп қалған ленталардың қалдығын біріктіріп, ұшқыштардың әңгімесін толық немесе жартылай жазба ретінде тыңдай алады.   

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: nationalgeographic.com

Б. Қосмағамбет