2013 жылғы ҰБТ сұрақтары 36 пайызға жаңартылды

2013 жылғы ҰБТ сұрақтары 36 пайызға жаңартылды

ҰБТ тесттері 36 пайызға жаңарды. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрлігі Бақытжан Жұмағұлов мәлімдеді.

«Біз барлық сұрақтардың стандартқа сәйкестігін анықтауға байланысты толық анализ жасап шықтық. Сонымен қатар, қиындық тудырмайтын көптеген сұрақтар базадан алынып тасталады. ҰБТ сұрақтарының шамамен 30-36 пайызы толық жаңартылды», - дейді Бақытжан Жұмағұлов.

Министрдің айтуынша, ағымдағы жылы ҰБТ-ның форматы өзгермей, тестілеу өткен жылдардағыдай 154 пунктте өтеді. Сондай-ақ, Бақытжан Жұмағұлов министрліктің логикалық сұрақтарға көңіл бөлгендігін де айтып өтті. 

«Оқушылардың ойланып, ізденулері үшін биыл логикалық сұрақтар саны артады. Тіпті сұрақтың дұрыс жауабын білмесе де, бала ойланып, сұраққа жауап беруі мүмкін», - дейді министр.

Мекеменің ақпаратына сүйенер болсақ, ҰБТ-ны дамыту мақсатында 2015 жылдан бастап ҰБТ екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі – ұлттық тестілеу формасындағы бітіру емтиханы, екіншісі – талапкерлерді кешенді тестілеу формасындағы ЖОО-ға түсу емтиханы болмақ. Айта кетсек, 2013-2014 жылдары екі кезеңге бөлу бойынша тәжірибе өткізілетін болады, қазір осыған байланысты министрлікте дайындық жұмыстары жүргізілуде.  


Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: expert.ru

Ж. FM