Ағылшын тілін үйреніп жүрген адамға қандай кітап сыйлауға болады?

Ағылшын тілін үйреніп жүрген адамға қандай кітап сыйлауға болады?

Ағылшын тілін жақсы көретін адамға не сыйлаған дұрыс? Әрине, кітап. Бірақ оны ұсынудың да жолы бар. Ағылшын тілін білу деңгейіне және жасына қарап, дұрысын таңдаған жөн. 

So, welcome...

Бастапқы деңгей үшін

«Таңғажайып Түлкі мырза» (Fantastic Mr Fox). Роальд Даль

Балалар үшін ағылшын тілін дамытуға арналған таптырмас кітап. ХХ ғасырлық ағылшын балалар жазушы Рональд Дальдың ең үздік шағармаларының бірі. Шығарма желісі бойынша Уэс Андерсон осы мультфильмді түсірген. Оны кез келген ағылшын тілін үйренемін деген жан көре алады. (Оқиғаны ойда бекітудің ең жақсы жолы – кітабын оқып, фильмін көріп, суретін салу).

Дальдің бұл ертегісі жергілікті үш опасыз фермер мен айлакер түлкі туралы. Түлкі олардың балапандарын, қаз-үйректерін, алма шырынын ұрлап, отбасы мен достарын асырайды. Боггис, Банс пен Бин (фермерлер) әккі түлкіні ұстап алмақшы болады. Бірақ Түлкі мырзаның дайындаған өз жоспары бар.

"Жас патша және басқа да аңыздар" (The Young King and Other Stories). Оскар Уайльд

"Дориан Грейдің портреті" шығармасын бастапқы деңгнеймен оқу қиынға соғады. Сол себепті "Жас патша және басқа да аңыздар" туындысын оқып көріңіз. Кітапта бар-жоғы жеті-ақ шығарма, олар мыстан, су перісі, құбыжықтар туралы. Ойландырады, сезіндіреді, жылатады, бастысы – сөздік қорды дамытады. 

"Хәрри Поттер мен пәлсапа тасы" (Harry Potter and the Philosopher’s Stone). Джоан Роулинг

Қарапайым кеңес, бірақ онсыз тағы болмайды: Хәрри Поттердің алғашқы бөлімдері ағылшын тілін жақында үйреніп жүргендер үшін де тиімді. Жас аудиторияға өте түсінікті тілмен жазылған, ал сюжеті фильмдерінен не аударма кітаптарынан-ақ түсінікті болар. Сөздік қорды дамытуға арналады. 

Орташа деңгей үшін

"Құйқылжық торғайды өлтіру" (To Kill a Mockingbird) Харпер Ли

АҚШ пен Ұлыбританияның орта мектептерінде оқытылатын америкалық әдебиеттің ішіндегі классика. Таңғаларлығы, Харпер Ли осы романы үшін Пулитцер сыйлығын алған. Оқиға желісі Ұлы депрессиядан кейін Мейкомб атты елді мекенде өрбиді. Сол жерде болған қылмыс пен салдары кішкентай бүлдіршіннің көзімен жазылады. Ол – адвокаттың қызы. Сол үшін де қабылдау оңайырақ.

"Достармен әңгіме" (Conversations with Friends) Салли Руни

Рунидің "Қалыпты адамдар" романы биыл ең жиі талқыланған кітаптар тізіміне енген. Негізінде, бұл кітаптардың екеуі де ағылшын деңгейі орташа адамдарға арналған, қарым-қатынас туралы әңгімелескенді ұнататын 20-30 жастағы жандарға сыйға берсеңіз болады. Колледж студенттері 2 құрбы жайында. Олар отбасылы жұппен танысып, достық, махаббат, саясат, есею және неше түрлі тақырыпта сөз қозғайды.

"Үшкір заттар" (Sharp Objects) Гиллиан Флинн

Триллер әрі бестселлер. Осы аттас сериалды да көрсеңіздер болады. Романның басты кейіпкері – Камилла Паркер есімді журналист. Оның мансап жолы мәз емес еді, жергілікті чикаголық газетте қызмет істейтін. Бірде оған редакция тапсырма береді: кішкентай ғана елдімекенде маньяктың құрбаны болған бұлдіршін қыздар туралы жазып келу керек. Сол ауылда Камилла өзі туып-өскен. Қылмысты зерттеп жүріп, өзінің балалық шағы да есіне түседі, бұл естеліктерді де ойлау оңай емес еді.

Кәсіби деңгейдегілер үшін 

"Шу мен ашу" (The Sound and the Fury) Уильям Фолкнер

Тіпті аудармасын да оқып жетік меңгере алмайтын модернизм классикасы. Егер танысыңыз ағылшын тілін шемішкеше шақса және деңгейін арттырғысы келсе, оған қоса, қабағын жиі түйіп жүретін болса, Фолкнердің кітапбын беріңіз, челлендж болсын). Оның шығармалары оқырманды жолдан адастырады: не әңгімелеуші ауысып кетеді, не уақыты мен орны өзгереді. Оқиға оңтүстік америкалық қалада Компсондар атты ақсүйек отбасының құлайы жайында өрбиді, мұнда құлау, трагедия, қаржылық құлдырау бар, бірақ әзілге де орын бар. 

"Магиялық ойлау жылы" (The Year of Magical Thinking) Джоан Дидион

Тағы да көңілді жанрдағы кітап, жазушының басынан өткен қиыншылық туралы, бірақ бәрі жеңіл әрі көңілді тонмен жазылған. 40 жыл отасқан күйеуі мезгілсіз қайтыс болады. Романда Джоан қазадан кейінгі  жылды қалай өткергені туралы, қандай сұрақтар мазалағаны туралы айтады.

"Аргонавтар" (The Argonauts) Мэгги Нельсон

Нельсонның романы автотеория жанрында жазылған. Қысқаша айтқанда автор өз басынан өткен оқиғаны жазады және арасына ғылыми зерттеулердің анықтамасын, дәйексөздер мен сілтемелер беріп отырады. Егер кітапты сйға бергелі отырған досыңыз философиялық терминдерден алыс болса, бұл кітап оған қиынға соғады. 

Г. Берік