Латын графикасына көшу – қазақ тілінің ауқымды реформасы

Латын графикасына көшу – қазақ тілінің ауқымды реформасы

Бүгін "Латын графикасына көшу – қазақ тілінің ауқымды реформасы" атты онлайн форматтағы дөңгелек үстел  өтеді.

Қысқа мерзім ішінде үш әліпби ұсынылды. Парламентте 2017 жылы 11 қыркүйекте Латын негізді қазақ әліпбиінің АЛҒАШҚЫ НҰСҚАСЫ таныстырылды. Жұрттың талқысынан кейін бұл қосақталған таңбаларды тастап, Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығымен әліпбидің ЕКІНШІ НҰСҚАСЫ бекітілді. Бұның да кемшіліктері көп болды. "Сөз ішіндегі әріптер бір-бірінен алшақтап кетті" деген сын айтылды. Тез арада Президенттің алдыңғы шығарған "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" жарлығына 2018 жылдың 19 ақпанында өзгеріс енгізіліп, әліпбидің ҮШІНШІ НҰСҚАСЫ жарияланды. Сөйтіп, айналдырған үш-төрт айда үш нұсқа ұсынылды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы: "Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет",- деген болатын.

Алайда әлеуметтік желіден "Жетілдірілген әліпби" жобасын бекітуге дайындық жүріп жатқандығы белгілі болды. Бірақ, бұл жөнінде еш жерде ресми ақпарат берілмеді. Дөңгелек  үстел латын графикасына өту жәй таңба ауыстыру емес, қазақ тілінің ауқымды реформасы екеніндігін жан-жақты негіздеу мақсатында өткізілгелі отыр.

Жиынға ҚР Мәжіліс депутаттары, Қоғам қайраткерлері, Білім және ғылым министрлігі өкілдері, ЖОО қазақ тілі кафедраларының мамандары Халықаралық қазақ тілі қоғамының филалдары және шетелдегі өкілдері, белгілі түркітанушылар және БАҚ, әлеуметтік медиа өкілдері қатысады.

Н. Үсенова