Қазақ тілі – бабам тілі – өз тілім

Қазақ тілі – бабам тілі – өз тілім
Фото: www.matritca.kz

Ана тілдің тағдыры мен әдеби тілдің өркендеуі деген мәселе әрбір ұлттың жанды жері, сондай-ақ халықтың тарихи жады, танымы, ойы мен сезім дүниесінің көрінісі. Себебі кез келген ұлттың ерекше болмысын, рухани байлығы мен мәдени дәстүрін сол елдің тілі арқылы тани аламыз.

Тілдің дамуы немесе тұйықталуы мемлекетте жүргізілетін тілдік саясатпен тікелей байланысты. Қазақ тәуелсіз хандықтарының арғы-бергі тарихында нақты тілдік саясат жүргізілмесе де, негізгі ақпараттық кеңістік жазба тілде емес, ауызекі сөйлеу тілінде, халық тілінің қаймағы бұзыла қоймаған кезде қалыптасты.

Алайда тіліміздің қаймағы бұзылған уақытты осыдан 77 жыл бұрын «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықов жолдасқа» деп, сол дәуірдегі қазақ тілінің мүшкіл күйін сипаттап, сонау 1944 жылы сұрапыл соғыс кезінде Кеңес одағының батыры, әрі жазушысы Бауыржан Момышұлы елімізге жүргізілген тіл саясатына қатысты ашық хат жазған екен. Хатта: «Қазақ тілі туралы үкімет, партия қаулысы шығып, қала қазақтарын, қазақ оқымыстыларын тәртіпке шақырып, қазақ тілін республикамызда мемлекет тілі ету заңды қажет екені даусыз керекті болғандықтан, осы күнге дейінгі бұрмалап, бұзып келген мінезге, бет алысқа бұдан былай жол беру қазақ тілін архивке тапсыру болып шықпай ма?. Мен әскери адаммын — тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та, айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, ер намысына, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп сезіп тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын» — деп, майдан шебінде ғана емес, қазақ тілі үшін күресте де тер төккенін көреміз.

Ал, қазір жағдай мүлде басқа. Ана әлдиі мен бесік жырынан бастап, қоғамдағы ақпараттық кеңістік, эфир мен жазудың қолында. Эфир мен жазу арқылы сөйлеу тілінің табиғаты балабақша мен мектептен бастап оқыту жүйесінде мемлекеттік саясат анықтайтын жүйе ұрпақ бойына өз мүддесін сіңіре алады. Мұндай жағдайда сөйлеу тілін де, жалпы тілдің өзін де саясатпен басқару әлдеқайда жеңіл, сондықтан қазіргі ұлт тілінің дамуын белгілеу, оны жоспарлау немесе тіл болашағын бұлдыр ету үшін тіл саясатының маңызы тым үлкен.

Десек те, осыдан жетпіс жыл бұрынғы тіліміздің күйі бүгін де орын алмаса да, қазіргі қоғамда қазақ тілінің болашағы зиялы қауымды алағдатып, даму бағыттары туралы көп айтылып, шешуі қиын күрделі мәселеге айналғаны да ақиқат. Осы тұста Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан болашағы — қазақ тілінде» деген тақырыппен сұхбаты Қазақстандағы тіл саясатының бүгіні мен болашағын айқындағандай. Әркімнің-ақ көкірегінде жүрген күрделі сұрақтардың түйінінің көбі шешілетінін осы сұхбаттан аңғаурға болады. Қазақ тілінің әлеуметтік жағдайын, қолданыс аясынан бастап, тілдің ғылыми сипатына дейінгі мәселелерді қамтыған Елбасының тұжырымды ойлары болашақ тіл саясатының негізіне алынды. Сондай-ақ Елбасымыздың ... «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығында ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі» деген ұлағатты сөздерінде терең мән бар. Ұлт тұтастығының тұғыры саналатын тілдің мемлекеттік мәртебесі мен тіл бағдарламаларының орындалуы бүгінгі және болашақтағы тіл саясатының ұлттық болмысын анықтайтыны сөзсіз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының 2017 жылдың 12 сәуірінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізінде жасалған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тетігін төл дыбыстардан тұратын ұлттық әліпби, латын негізді әліпбиге оралу мәселесімен басталды. Бұл мәселе бойынша түрлі ойлар мен пікірлер легі әлі күнге дейін айтылуда. Осыған байланысты «Латын қаріпіндегі қазақ әліпбиін енгізу жұмыстарына» қатысты жоспарлар құрылып, түрлі іс-шаралар жүргізілуде.

Түйткілді мәселенің бірі — жазу мәселесі, оның ішінде жаңа әліпби негізінде жасалған қазақ тілі емілесі.  Бүгінде жазуды көп адамдар тұтунышы ретінде қабылдағандықтан, жазудың проблемалылығын, оның орфографиялық мәселелеріне көп назар аудармайды. Емле дегеніміз не? дегенде, ол халық мәдениетінің бір үлкен бөлшегі. Ол өнер. Ол графикалық өнер. Егер қабылдағалы отырған латын негізіндегі әліпбиіміз, қазақ тілінің емілесіне сай келмесе, біріншіден, ол жазудың әлсіздігін,  тұрақсыздығын білдіреді. Екіншіден, тілдің аутенттілігінің жоқтығын байқатады. Өркениетті заманымызда, әліпбиі дұрыс қалыптаспаған елдермен жұмыс істеу адамзаттық қауымдастықты өте қиындата түсетіні сөзсіз.  Сондықтан латын графикасының мәселесіне оралуға, оның қалыпты нормаға түсуіне біршама уақыт керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазандағы латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орыналасу тәртібі қарастырып жатыр. 2021 жылдың ақпан айында ұсынылған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің нұсқасы жоғарыда ұсынылған нұсқаларға қарағанда жетілдірілген. Десек те, көп ізденісті талап ететін латын әріпіне көшу мәселесі бүгінгі жетістігімен тоқталып қалмасы анық. Заман талабына сай ғылым, техника жітестіктерін пайдалана отырып, әлемдегі ең бай тілдің бірі деп мойындалған қазақ тілінің құнары болмашы қателіктердің құрбаны болып кетпеу жағын да қадағалап, жетілдіре түскен жөн. Қазақ тілінің бар байлығын жасап, қорын көбейтер әрбір әріптің тағдыры біздің әдеби тіліміздің де тағдырын шешетінін ұмытпағанымыз абзал.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
филология және әлем тілдері кафедрасының меңгерушісі,
профессоры Г.Б. Мадиева,
PhD докторы Д.М. Койшигулова

Н. Үсенова