Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының күресі. Жалғасы

Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының күресі. Жалғасы

Бұл шайқаста да жоңғарлар жеңіліс тапты. Кейіннен шайқас болған аймақ  «Қалмақ қырылған» деп аталды. Бұл жеңіс қазақтардың рухын көтеріп, болашақ күреске жігерлендірді. Ол қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық санасында бетбұрыс  жасауға мүмкіндік берді. Әбілқайыр хан және Бөгенбай батырдың басшылығымен Қаракерей Қабанбай, ошақты Саңырық, тама Тайлақ, Шақшақ Жәнібек, тама Есет, Малайсары, тарақты Байғазы қолдары асқан ерлік көрсетті. Осы шайқастағы қазақтардың ерлігі туралы мәліметтер М.Тынышпаевтың, А.И.Левшиннің, А.Диваевтың еңбектерінде айтылады. Үмбетай, Ақтамберді, Тәттіқара, Бұқар, Көтеш тағы басқа жыраулардың жырларында шайқаста ерлік көрсеткен батырлардың іс-қимылдары жан-жақты сипатталған.

Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тарихы үшін маңызы зор шайқастардың бірі – Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға созылды. Бұл шайқастың болған орны М.Тынышпаевтың, А.Диваевтың зерттеулерінде нақты сипатталған. 1997 жылы Қазақстан халық жазушысы Ә.Кекілбаев пен тарихшы М.Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеді. Экспедиция барысында археологиялық зерттеулер жүргізіліп, географиялық жер атауларына да үлкен мән берілді. Балқаш көлінің оңтүстігімен Алакөлге бет алғанда Сұнқайтты (Сұмқайтты) өзені, қазіргі Жамбыл облысы Тараз қаласының шығысында Әбілқайыр сайы бар. Ал халық ауыз әдебиетінде бұл жерде жоңғарлар аңырай жеңілген деген мәлімет бар. Археологиялық зерттеулер барысында сарбаздардың қару-жарағы, ер саймандары көптеп табылды. 

1730 жылдың көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау, Аңырақай тауларына қарай жылжыды. Осы кезеңде қазақ әскерінің жалпы саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында мыңдық басында тұрған 29 батырдың есімдері,  рулары толық берілген.  Олар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Көкжал Барақ, Керей Жәнібек, Шанышқылы Бердіқожа, Керей Жанатай ер, Тоғас Қосай, Тума Шағалақ, Мұрын Боранбай және т.б. Мыңдықтар құрамындағы жүздіктердің басында да батырлар тұрды. Қазақ әскерінің сол қанатын Әбілмәмбет хан, Сәмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды. Әскердің оң қанатын Төле би, Саңырық, Қойгелді, Қосын Шінет, Мәмбет, Сәңкібай, Шойбек батырлар басқарды. Әскердің орталық тобын Әбілқайыр, Әйтеке би, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлар басқарды.   Шайқас барысында жалпы қолбасшылықты Әбілқайыр  жүргізді.  Жоңғарлар да бұл шайқасқа жан-жақты дайындалған болатын.  Олардың әскерінің саны да 28-30 мың болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан талантты әскери қолбасшы, атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе-жек қарсаңында Сабалақ Абылай атасының аруағына сиынып, атын ұран еткен.  Жекпе-жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі қазақ сарбаздарының рухын көтеріп, жеңіске жетеледі. Осы тарихи оқиғадан кейін Сабалақ батыр (шын аты Әбілмансұр) Абылай есіміне ие болды.

Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаракерей Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек , Құдайменді  Жібекбай, Сенгірбай, Шүйкебай тағы басқа батырлар қанды шайқастардың алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік үлгісін танытты. Батырлар өзіндік шешім қабылдай алатын, соғыс ісін жан-жақты білетін, әскери стратегия, тактикамен таныс тәжірибелі ерлер еді. Қазыбек, Әйтеке, Төле билер бастаған қазақ билерінің жалынды ұлағаттары халықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайтты. Жырларының негізгі тақырыбын қазақ батырларының жоңғарлармен соғыстағы ерлігіне арнаған Бұқар, Ақтамберді, Үмбетай жыраулар өздері  де бұл соғысқа қатысқан. Бұл жыраулардың еңбектерінде соғыс барысындағы көптеген іс-қимылдар жан-жақты сипатталған. Жыраулардың  Отан  қорғау тақырыбына арналған жырлары  қазақ сарбаздарын жігерлендіріп, жеңіс күнін жақындата түсті.

Өкінішке орай, Аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан кейін қазақ билеушілерінің арасында жік туды. Өйткені, осы кезде Болат хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билік үшін талас басталды. Тәукенің баласы Үлкен хан Болат өлгеннен кейін оның орнын Орта жүзден Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр хан аламыз деп дәмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Болаттың ұлы Әбілмәмбет болды. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін үлкен хандықтан құр қалдырды деп есептеп, майдан даласын тастап, кетіп қалды. Нәтижесінде Әбілмәмбет сұлтан Түркістанға көшсе, Әбілқайыр  кіші жүз территориясына қайтады. Сөйтіп, қазақ жерлерін жоңғарлардан толық азат ету ісіне оңалмас нұқсан келді. Қазақтардың Аңырақайдағы жеңісіне қарамастан жоңғарлар тарапынан шабуыл тиылмады.

1723-1730 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдары Шәкәрім Құдайбердіұлының жазбаларында  тек «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарының өзінде қазақ халқының санының үштен екісі кемігені туралы мәлімет бар.  Демограф М.Тәтімовтің санағы бойынша 1723 жылы қазақ халқының саны 3 млн. 330 мың болса, 1725 жылы 2 млн. 222 мыңға азайған.

1730-шы жылғы жеңістің тарихи маңызы зор болды. Қазақ халқы өз мемлекетінің тәуелсіздігін сақтап, басып кірген жаудың тас-талқанын шығарып жеңіске жетті. Жоңғарлармен соғыста ерлік көрсеткен батырлардың, билердің есімдерін ұрпақтары биікке көтеріп, батырлығын мақтаныш тұтады. Ел қорғаған батырлар ерлігін дастан ететін жырлар жазылды. Атап айтсақ, «Қабанбай батыр», «Бөгенбай батыр», «Шақшақ Жәнібек батыр», «Қойгелді батыр», «Өтеген батыр» тағы басқа. Олардың аты  ұранға айналып, ел ардақтайтын аруақты жандар дәрежесіне көтерілді. Бүгінгі таңда олардың атымен аталатын  Қазақстанның әр қаласында көшелер, мекемелер бар. 1723-30 жылдардағы Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып қалмақ.

Жоңғарлардың шапқыншылық жылдары қазақ жүздерінің экономикалық және саяси өміріне ұзақ уақытқа терең із қалдырып, қазақ тарихына алапат ауыр жылдар болып енді. Қазақтар мал-мүлкі мен адамдарынан ғана емес, сонымен қоса Жетісудағы шұрайлы жайылымдарынан да уақытша айырылып қалды. Көшіп-қонудың ғасырлар бойы қалыптасқан жолдары бұзылды. Сырдария мен Жетісудағы егіншілік мәдениетінің ошақтарына үлкен нұқсан келтірілді. Жоңғарлардың Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды басып алуының қазақ қоғамының экономикалық және мәдени өмірі үшін елеулі зардаптары болды. Қазақ рулары сауда және қолөнер орталықтарынан ажырап қалды. Қазақ  жүздерінің арасындағы шаруашылық-саяси байланыстар әлсіреді.

Жоңғар шапқыншылығы қазақ қоғамының әлеуметтік қатынастарына да теріс әсерін тигізді. Елдің құлдырауы мен күйзелуі салдарынан кедейлер, қоңсылар, жатақтар және т.б. көбейді. Өз бетімен шаруашылық жүргізу мүмкіндігінен айырылған олар малы көп байлардың бақташылары, үйдегі малайлары ретінде жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Қазақтардың 1730 жылғы Аңырақай жеңісіне қарамастан Жоңғар хандығының жаңа шабуылының тікелей қаупі сақталып қалды. Қазақ хандықтары жөнінде барынша агрессияшыл саясат жүргізген Қалдан Цереннің (1727-1745 ж.ж.) билік басына келуі мұндай шабуылдың қаупін күшейтті.

Қазақ хандықтарының Орта Азия хандықтарымен де қатынастары шиеленіскен күйінде қала берді. Еділ қалмақтары және башқұрттармен қарым-қатынастар да күрделі еді. Осындай жағдайда қазақ билеушілері алдында маңызды да күрделі міндет – қазақ жүздерін сыртқы жаудан қауіпсіздендіру және елдің феодалдық бытыраңқылығының күшейе түскен үрдісін жою міндеті тұрды. Олардың бұған өз күштерімен жете алмайтындығына көздері жете түсті. Солтүстіктегі қуатты көрші – Орыс мемлекетімен одақтасу қажеттігі туралы пиғыл туындады. Осылайша қазақ билеушілерінде орыс-қазақ саяси және экономикалық байланыстарын нығайтып, Ресейдің қарауына кірудің жолдарын іздеуге деген ұйғарым қалыптасты.  

Форумда талқылау

Сурет ardaktylar.kz, anatili.kz, azbyka.kz, tarih.spring.kz, pmo.kz сайттарынан алынған

Ж. FM