"Сәтсіздіктен көбірек қорқатынмын": Джоан Роулингтің қанатты сөздері

Гарри Поттер туралы алғаш кітабын Джоан Роулинг өмірі астаң-кестең болып жатқан шақта жазған екен. Сүйікті анасынан айырылып, күйеуімен ажырасқан ол жұмыссыз қалған. Кішкентай баласымен бірге әлеуметтік қорғау ұйымдарын паналап жүрген. Бес жылдың ішінде кітап жазылғанымен, баспалар кітапты шығарудан бас тартқан. Тек 1997 жылы азғантай тираж шығарылып, кітап сөрелерінде пайда болы. Ал, келесі 5 жыл ішінде жазушы жұмыссыздан мультимиллионерге айналып шыға келді. Бүгінде оның таңғажайып әңгімесі 25 миллиард доллардан астам табыс алып келген. Өмірден талай таяқ жеген автордың  сәтсіздік пен бақыт жайында қанатты сөздерін назарыңызға ұсынамыз. 

"Жас кезімде кедейліктен емес, сәтсіздіктен көбірек қорқатынмын".

"Өзіңізді және күшіңізді өмірдің бар қиындығын бастан кешпей танымайсыз. Бұндай білім жолы ауыр болуы мүмкін. Бірақ, бұдан асқан тәжірибе жоқ".

"Сәтсіздік маған көп нәрсе үйретті. Өзімнің ерік-жігерім, тәртіпке беріктігім өзім ойлағаннан мықтырақ екенімді ұқтырды. Одан бөлек, мен қиналғанда тастамайтын достарым барын ұқтым". 

"Менің жоғататын ешнәрсем жоқ еді. Кейде сол тырысып көру үшін күш беретін". 

"Мінсіздікке қол жеткізетін сәтті күтпе, онда күтуге бар уақытынды жұмсайсың. Одан да қолыңан келетін істі жаса. Қолынан келген адам қатарына кір, тек арманмен қалатындар жетіп артылады". 

"Мазаққа сендегі отты өшіруге мүмкіндік берме. Оны өз жағармайыңа айналдыр". 

"Жауға қарсы тұру үшін қаншама жігер керек. Бірақ, достарға қарсы шығу үшін одан да көп жігер қажет". 

"Сізді дұрыс бағытқа итермелеуге дәрменсіз болған ата-ананы кінәлаудың өз жарамдылық мерзімі бар. Өміріңізді өз қолыңызға алатын уақыт келгенде ол реніш жойылуы тиіс. Сол сәттен бастап бар жауапкершілік өз мойныңызға жүктеледі".