Үш тілді жетік меңгерудің артықшылықтары

Үш тілді жетік меңгерудің артықшылықтары
Фото: camonitor.kz

Трилингвизм немесе үш тілді жетік меңгеру – заман талабы. Өйткені қазір бәсекенің маңызы зор. Ал бәсекеде жетістікке жету үшін үш тілді (одан да көп тілді) білу мүмкіндіктерге жол ашады. Өткен ғасырда трилингвизм ана тілін толықтай меңгеруге жасалған қастандық болса, қазір керісінше. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр» атты тақырыппен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы барысында: "Біз үштілділікті дамыту қарқынын үдетіп отырмыз. Бұл ойдан шығарған дүние емес, қажеттілік. Қазірдің өзінде қазақстандықтардың 20 пайызы ағылшын тілін меңгерді. Яғни, үш тілді меңгеру, білу - бұл жаһандық әлемге жолдама деген сөз. Бұл адамның өмірдегі табыстылық, жетістік принцпі. Жаһандық әлемде біздің балаларымыз «Планета азаматы» болады. Сондықтан да олар әлемнің кез келген өңірінде жұмыс істеп, күнін көре алатын болады. Яғни, бүгінгі күрделі әлемде біздің балаларымыз өздерін «судағы балықтай» сезінуі керек, біз соған жағдай жасап жатырмыз", – деген болатын. 

Әрбір азаматқа жүктелген үш тілді меңгеру міндетін бәрі қуана қабыл алып, болашақтың бағдарын бүгіннен бастап жасағаны жөн. Үш тіл білудің қандай артықшылықтары бар деген сұрақ тууы әбден мүмкін. Бірнеше жылдан бері психологтар екі-үш тілді білетін адам психологиясын зерттеп келеді. Әзірге көп тіл білудің мынадай артықшылықтары байқалды:

1. Бірнеше тіл білетін адамның ойлау қабілеті жылдам болады:

Бұны трилингвистердің бір уақытта үш түрлі ойлау жүйесін іске қосатындығымен түсіндіреді. Олардың зейіні мықты болатындығын да алға тартады. Ал зейінді адам қателікті өте сирек жібереді. Ойлаған мақсатына міндетті түрде жететінін де ескерген жөн.

2. Үш тілді меңгерген адамдар дарынды әрі тапқыр болады:

Үш тілді еркін меңгеру креативті ойлау жүйесін жетілдіреді. Халықтың ықыласына бөленген өнертапқыштар мен жазушылар екі немесе одан да көп тіл білген.

3. Үш тіл білетін адамдардың есте сақтау қабілеті – жоғары:

Шет тілдерін үйрену – жадыны жаттықтырудың үздік тәсілі. Зерттеу нәтижесі бойынша монолингвистер күніне орта есеппен 5 сөзді жаттаса, екі тілден көп білетіндердің жаттау қабілеті екі есе артық.

4. Көп тіл білетіндерде ақылынан адасу дерті аз байқалады:

Атап өткеніміздей, тіл үйрену жадыны жаттықтырады. Ол адамның есте сақтау қабілетін дамытып қана қоймай, жаттыққан сайын, үйренген сайын олардың санасы психологиялық дерттермен еркін күреседі.

5. Олар орынды ойлайды:

Олар – өте мұқият әрі байқампаз. Көп тіл меңгерген адам істерді жоспарлау, күнделікті мәселелерді шешу, қиын мәселенің сараптамасын еркін жасайды. Олар өте орынды әрі ұтымды ойлайды.

6. Үш тіл білетін адам өзге тілдерді де еркін меңгереді:

Үш тіл үйренуге шыдамы мен қабілеті жеткен адам одан өзге тілдерді еш қиындықсыз үйренеді. Олар жаңа сөздерді оңай жаттайды.

7. Қоғамға тез бейімделеді:  

Адам қанша тіл білсе, оның ішінде сонша "адам" өмір сүреді. Бұл –  дәлелденген шындық. Қоғамға сіңісу бірнеше тіл білетін адам үшін қиындық тудырмайды. Олар адамдармен тез араласып, жаңа ортаға жылдам бейімделеді.

8. Өзге мәдениеттің ерекшелігін түсіне біледі:

Шет тілдерді меңгере отырып, шетел мәдениетін танып білуге мүмкіндік аласыз. Толеранттылық үлгісін толық меңгеріп, өзге мәдениет өкілдеріне деген сыйластығыңыз арта түседі.

9. Шет тілін меңгергендер адам эмоциясын жақсы түсінеді:

Эмоцияны білдіру де тіл секілді әртүрлі. Оны сөзбен жеткізудің өзі – талант. Мысалы, ағылшын тілінде синонимнің бірнеше түрі кездеседі, ал тіл меңгеріп жүрген адам сол сәтке келетін ұтымды сөзді таңдауы тиіс.

10. Үш тілді еркін меңгерген адамның жұмыс табу мүмкіндігі жоғары:

Трилингвистер ақпараттарды саналық сүзгіден оңай өткізеді: ненің керек екенін, ненің керек еместігін жақсы түсінеді. Олар өзге ұлт өкілдерімен еркін сөйлесе алады. Олар кез келген жағдайға бейімделеді. Тың нәрсені аз уақытта қағып алады. Сондықтан жұмыс беруші бірнеше тілде еркін сөйлейтін адамдарды өз қол астына алуға тырысады.

Тіл үйрену сіз ойлағаннан да әлдеқайда қызықты әрі пайдалы. Сәттілік тілейміз!

Т. Есқали