Сұрау белгісі қалай пайда болды?

Сұрау белгісі қалай пайда болды?
Фото: walldevil.com

Сұрау белгісінің қазіргі пунктуациялық нормада белгіленуі бәрімізге мәлім. Ал оның бастапқы тұрқы көбімізге таңсық болуы мүмкін. Ендеше сұрау (?) белгісінің шығу тарихы қандай? 

Ең алғаш сұрау белгісі Библия кітабының V ғасырға тиесілі сириялық көшірмесінде пайдаланылған. Алайда қазіргі сұрау белгісіне ол мүлде ұқсамаған. Көшірмеде қос нүкте арқылы ғана сұраулы сөйлемдерге таңба қойылған. Бұл таңбаны алғаш болып Кембридж университетінің көне жазулар зерттеушісі Чип Коукли танып, оның сөйлем басында қойылатынын анықтаған.

Ал көне грек еңбектерінің көбінде сұрау белгісі нүктелі үтір арқылы жасалған. 

Қазіргі қолданыстағы сұрау белгісі (?) тек XVI ғасырда пайда болған. Оның өзінде латын тілінің іздеу деген мағынадағы "questio" сөзіне негізделіп белгіленген. Ал белгі ретінде "questio" сөзінің алғашқы "q" және соңғы "o" әріптері қолданылып, лигатураға айналған. 
 
Испан тілінде сұрау белгісінің өз ерекшелігі бар. Испан Патшалық тіл академиясы 1754 жылы шығарған "Орфография" еңбегінде сұрау белгісі нормаға сай сөйлем соңына және теріс айналдырылып сөйлем басына қойылуы тиіс деп бекітілген. Мысалы: «Бұл қанша тұрады?» (испанша ¿Cuánto cuesta?). Сұрау белгісін екі рет қою ұзын сөйлемдердің екі ойлы әсер беруінен сақтандыру үшін керек болған. Бұл емле әлі күнге дейін испан тілінде қолданылып келеді. 

Ал араб тілінде жазу оң жақтан басталатындықтан, сұрау белгісі кері айналдырылып қойылады. 

Сұрау белгісінің өзге бір түрін "New York Advertising Agency" жарнама агенттігінің басшысы Мартин Спектер ойлап тапты. Ол оны "интерробанг" деп атап, қолданылуын риторикалық сұраулы сөйлемдерде қолдануға болады деп түсіндіреді. Интерробангтың шығуы пунктуациядағы сұраулы леп белгісімен (?!) байланысты. Себебі, риторикалық сұрақтың айтушының белгілі мәні бар лебізінің сұраулы сөйлеммен функционалдық ара-жігі алшақ емес. 

Massaget.kz