Сериал арқылы ағылшын тілін үйрену мүмкін бе?

Сериал арқылы ағылшын тілін үйрену мүмкін бе?
Фото: able-manchester.co.uk

Бұл сұрақ соңғы уақытта шет тіліне қызығушылық танытып жүрген жастардың көкейінде жүр. Өйткені,  іш пыстырарлық грамматикадан гөрі, сөйлеу мен тыңдалым деңгейін жетілдіруді ойға алған жастар үшін сапалы контенттің аздығын мойындау керек. Сондықтан, нағыз өзге елдің мәдениетін көрсететін фильмдер мен сериалдардың көмегіне сүйенуге тура келеді. Бастапқы деңгейді ғана меңгерген адамдар үшін ағылшын тілін жүгіртпе жол арқылы немесе түп нұсқада қарау қиынға соғары анық.
Aғылшын тілінде еркін сөйлейтін, жиі видео сабақтарды қарайтын жастардың бірі мынандай пікір қалдырған болатын:

«Ағылшын тілін YouTube арқылы үйреніп жүрмін. Native speakers (тіл мамандары) арқылы арнайы оқытатын видео-роликтер қарадым. Түсіну мен қабылдау барысында қиындық туады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Бірақ, жүгіртпе жолсыз (субтитры) сериал қарау мен үшін қиынға соқты».

Бұл тек бір адамның емес, шет тілін меңгеріп жүрген мыңдаған адамның басында кездесетін өзекті мәселе әрі қызықты тақырып. Ендеше себебін біз былайша түсіндіреміз:

Видео сабақтарда мұғалімдер сөйлейтін ағылшын тілі, олардың күнделікті қолданатын ағылшын тілі емес. Шынайы өмірде біз әріптерді түсіріп тастаймыз немесе сөздің соңын толық айтпастан, жеп қоямыз. Тіпті, жұрнақ пен жалғаудың өзін дұрыс қоймайтын сәттер де кездеседі.

Қазақ тілінде:

– Сәлеметсіз бе?   – «Сәт....сіз бе?»
– Не болды?  – «Неуолд?»
– Мына жаққа  – «Мыняққа»

Ағылшын тілінде :

– What’s his name?   – «Watsis name?»
– Probably       – «Probly»
– Old friend     – «O’ friend»

Видео сабақтарда әр дыбыс түсінікті айтылады. Оқытушылар студенттері үшін ақпаратты толық әрі нақты жеткізуге тырысады. Әйтпесе,тыңдап отырған адам түсінбейді. Түсінбеген соң, оны қарайтын адамдардың саны да азаяды.

Ағылшын тіліндегі сөзде немесе тіркесте дауыссыз дыбыстардың саны көбейіп кетсе, ол тілде сөйлейтіндер оны айтпай, жұтып қояды:

– What's happening?    –«Wats hapnin’?»
– Goodbye   –«Gobye»
– Should have done that   – «Shuda done that»

Ағылшындықтар мен америкалықтар «Т» әрпін жақсы көрмейтінін де естен шығармау керек:

– What’s up?   –«Wasup?»
– Cat    –«Ca’»
– OK, I got it   – «OK, I go’ it»

«H» дыбысы  — өте жұмсақ дыбыстардың қатарына жатады, сондықтан, дыбысталу кезінде жоғалып кетеді:

– What’s her name?    –«Watser name?»
– I have some questions    –«I ave some questions»
– Who are you?      –«Ooh are you?»

Қысқартпа сөздердің барын да ұмытпау керек:

– I will not do it    – «I won’t do it»
– I have got to pay my debts    – «I gotta pay my debts»
– You should have done that   –«You should of done that»

Бұлай сөйлеуді үйренгенім дұрыс па? Жоқ.
Бұл дыбысталу жолын меңгерген дұрыс па? Иә. Өйткені, бұндай қиындықтарға болашақта шет тілінде сөйлейтін ортаға тап болған кезіңізде немесе сериал, фильм қарау барысында тап болуыңыз мүмкін. Есте сақтаңыз: мұның бәрі тек тәжірибенің көмегімен келеді. Бір фильмді түп нұсқасында бірнеше рет қараңыз. Сонда ғана құлағыңыз үйреніп,  тіліңіз де жаттығады.

Т. Есқали