Джан Аманиидің жаңа кітабы шықты

Джан Аманиидің жаңа кітабы шықты
Фото: Маржан Ғабдысаттар

Балалар жазушысы, психолог Джан Аманиидың «Қызыл бәтеңкенің басынан кешкендері» атты кітабы жарыққа шықты. Ертегі арқылы балаларды елітетін жазушы бұл кітапты әрлеуін көркем етіп, ана тілімізден бөлек 5-6 тілге аударып, оның үстіне заман талабын ескере отыра аудио нұсқасын да кітаптың ішіне енгізген.

Бала - ұлттың болашағы һәм ертеңі. Сондықтан бесіктен бастап бала тәрбиесіне баса назар аударғанымыз абзал. Ал саналы ұрпақ тәрбиелеудің басты құралы – кітап. Өкінішке орай, отандық балалар әдебиеті заманауи туындылармен толығып жатқан жоқ. Бүлдіршіндерімізге арналып сапалы дүниелер жазылып, кітаптар шығып та жатқан шығар, дегенмен таралымның аз болуына, насихатталмауына байланысты бұл кітаптар өз оқырмандарын әлі таппай жүр.

Бүгінде қолына кітап ұстаған баланы көру бір бақыт десек те болады. Мұның себебі де түсінікті. Техниканың дамып, қағаздың орнын ұялы телефон, компьютер алмастырған заманда баланы кітап оқуға үйретудің өзі қиын.  Өзінің ендігі ғұмырын ертегі жазуға арнап, ұрпақ тәрбиесіне үлес қоссам деп жүрген балалар психологы, жазушы Джан Амании ханым бұл мәселенің де шешімін тапқан сияқты. Балаларға арнап сапалы ертегі жазып қана қоймай, әрлеуін көркем етіп, ана тілімізден бөлек 5-6 тілге аударып, оның үстіне заман талабын ескере отыра аудио нұсқасын да кітаптың ішіне енгізіпті.

Жазушының осыған дейін «Даниалдың ғажайып әлемі», «Алуан түсті балықтар және Дария» атты ертегі кітаптары шыққан екен. Ал бұл жолы «Қызыл бәтеңкенің басынан кешкендері» кітабының тұсаукесерін өткізіп, оқырмандарымен кездесті.

- Ертегі баланың жас мөлшеріне арналып жазылуы тиіс. Себебі екі-үш жастағы бүлдіршін мен 5-6 жастағы бүлдіршіннің қабылдауы, санасы екі түрлі болады. Біздің балалар бүгінде Бэтмен, Супермендерді үлгі тұтады. Неге өзіміздің ұлттық әдебиеттің қаһармандарын қазіргі заманға лайықтап, бала жеңіл қабылдайтындай етіп, не болмаса бүгінгі күннің батырларының өзін де  ертегіге арқау етпеске? Ертегі арқылы баланың қиялы, ойлау қабілеті, сөздік қоры дамиды, - дейді автор.

Кездесу барысында жазушының кішкентай оқырмандары көп екенін, олардың кітаптың шығуы, кейіпкерлер жайындағы авторға таласа қойған сұрақтарын, қызығушылықтарын  көріп, сүйсініп қайттық.

Ертегі - балаларды ересек өмірге дайындайтын асыл құндылық. Мұндай кітаптарды дайындау әрине қымбатқа түседі. Бірақ Джан Амании бұл игі істің қайтарымы болатынына сенеді. Себебі кітап авторға материалдық жағынан пайда әкелмесе де, болашақ ұрпақ үшін өз пайдасын беретіні сөзсіз.  

Маржан Ғабдысаттар

Ө. Сансызбай