Әлеуметтік медиа және ақпараттық сауаттылық мәселелері

Әлеуметтік медиа және ақпараттық сауаттылық мәселелері
Фото: Тренинговый центр Пятириковой Жанны

Еліміз егемендік алған соңғы жиырма бес жыл көлемінде қоғам өмірінің барлық саласында қалыптасқан қағидалар бұзылып, көптеген өзгеріс орын алды. Жаңалықтың жаршысы болған бұқаралық ақпарат құралдары да түбегейлі ақпарат кеңістігіндегі көптеген тың ізденіс пен шығармашылық тәсілдің алуан түрі қалыптасуына қол жеткізді. Олардың түрлі тақырыптағы жариялынымдары ғалам мен өркенет үйлесіміне, әлеуметтік ақпарат жеткізудің кәсіби жоғарғы стандарттарына, дәлдікке, объективтілікке және тепе-теңдікке табан тіреуге ұмтылды. Жаңа ғасыр басындағы қазақ журналистикасының мәтіндері ұлттық мүдде, қоғам алдындағы толықтай жауапкершілікке негізделді.

Оған тікелей себеп болған факторлар:

* жарты ғасырдан астам үстемдік еткен Кеңестік цензура алынып тасталуы;

* тәуелсіздікпен қатар қол жеткізілген шығармашылық еркіндіктің болуы;

* нарық жағдайында баспасөз қызметіндегі жаңаша үрдіс қалыптастыруы;

* БАҚ түрлерінің көбеюіне байланысты ақпараттық кеңістіктегі бәсекенің күшеюі;

* бұқаралық сананың жаңа деңгейге көтерілуі;

* бұрынғы ұсынылған нәрсені оқып бас шұлғуға мәжбүр болған тізгіндеулі күйден өткен аудиторияның БАҚ-қа қойылатын талабы арта түсуі;

* оқырман, тыңдарман, көрерменнің қабылдаушы ретіндегі талғамы да өсуі.

Бүгінгі БАҚ арқылы таралатын аудиалды және визуалды түрде қабылданатын хабарламалардың бәрі біріге келіп вербалды және медиалық белгілердің жиынтығы ретінде «әлеуметтік медиа» ұғымын құрайды.

Әлеуметтік медиа дәстүрлі ақпарат арналарына қарағанда, барлық бағыттар бойымен ақпарат таратудың көпжақты бірегей тәсілі. Ол аталмыш сөздерден, суреттерден, видеолар мен аудиолардан тұратын технологияларды және әлеуметтік өзара әрекеттесуді біріктіретін әр түрлі іс-әрекеттердің бір түрі ретінде танылады. Әлеуметтік бұқаралық ақпарат құралдары бұл жай ғана қарым-қатынасудың жаңа тәсілінен кең ұғым, ол адамдардың бір-бірімен әрекеттесуінде құрылған. Әлеуметтік медиадағы коммуникация «әлеуметтік желілер» арқылы жүзеге асады. Бұл әр түрлі адамдар топтары қосылатын орын. Олар онлайн ортада пайда болады және белгілі бір қызығушылығы бар ассоциациялардың немесе арнайы бірлестіктердің бір бөлігі болып, оның «әлеуметтік кейіпкері» атанады. Ғаламторлық орта желілер үшін лайықты, себебі ол өзінің орны немесе уақытымен мүлде байланысты емес.

Әлеуметтік желілер – бұл қызығушылықтары немесе іс-әрекеттері ұқсас адамдардың интернет-бірлестігі. Әлеуметтік желілердің бірнеше негізгі түрлері бар: автономды блогтар (Standalone), блог-платформа, контактілі әлеуметтік желілер және микроблогтар. Тақырыптық-әлеуметтік желілерге:

– форумдар;

– видеохостингтер;

– фотохостингтер;

– әлеуметтік медиа және әлеуметтік бетбелгілерді жатқызуға болады.

Желілік коммуникация бүгінде қоғамның барлық салаларын қамтыған, мультифункционалды әрі көпқырлы байланыс түріне айналып келе жатқандығы бәрімізге мәлім. Үш томнан тұратын «Ақпараттық дәуір: экономика, қоғам, мәдениет» деп аталатын еңбектің авторы, желілік қоғам теориясының негізін қалаған Мануэль Кастелс бұдан жиырма жыл бұрын-ақ жаһандану мен компьютерлену үдерісінің етек жайып келе жатқанына қарап желілік коммуникацияның даму тенденцияларын алдын ала болжап қойған еді. Қазіргі ақпараттық технологиялар тоғысқан заманда интернет пен әлеуметтік желі бірігіп әлеуметтік медианың әлеуетін арттыра түсті. Әлеуметтік медианың үздіксіз дамуы өзі қалыптастырып отырған жаңа заман журналистикасына түбегейлі өзгерістер әкеледі. Бұл процесстің нәтижесінде газетті немесе эфирден болатын хабарды күтудің қажеті жоқ. Ізденген тұлға оны лезде ғаламтор кеңістігінен тауып алады. Мұндай әлеуметтік желідегі белсенділік «Интернет журналистиканың» дамуына кеңінен жол ашады. Елімізде бұл үрдіске орай қарқынды түрде ақпараттық сауаттылықты қалыптастыру тематикалары ұдайы түрде жүргізіліп келеді.

Ақпараттық сауаттылық теориясын қалыптастыру:

– өзіндік ізденуде;

– есеп беруде;

– сараптама жасауда;

– жаңалық таратуда белсенді рөл атқарады. Себебі, ғалым Джей Ди Лассика әлеуметтік медиадағы БАҚ-ты былай сараптайды: аудиторияның қатысуы; тәуелсіз жаңалықтар мен ақпараттық сайттар; жаңалық жариялайтын сайттардың ғаламтор пайдаланушыларды ақпарат жинауға қатыстыру; жеке сайттар;

Бұл қолданыстарға әлеуметтік желілердегі сілтемелер арқылы бөлісіп, өзінің пікірін қосып жарияланған материалдарды мысалға алуға болады.

Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» (2009 жылғы 6 ақпанда өзгертілген) Заңына сәйкес, Қазақстандағы интернет-ресурстары, атап айтқанда: портал, форум, блог, сайт, чат, WAP-портал, интернет – телевидениесі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілді. Мұнымен журналистиканың таралу формасы ауысса да, оның халық алдындағы мақсат-міндеттері ешқандай өзгерген жоқ. Тек кез-келген жаңалықты әлеуметтік медиадан тұтынатын оқырманға «ақпараттық сауаттылық» концепциясы орнықты жеткізілуі керек. Оның қалыптастыру функциялары:

а) ақпараттың тасымалдануы мен оны сақтау тәсілдерін білу;

ә) ақпаратты алу үшін ақпараттық қызмет жұмысын білу;

б) алынған ақпараттың сипатын бағалай білу;

в) өзіңнің ақпаратыңды жасау және сақтау тәсілдерін білу;

г) ақпараттың жазылу ерекшелігіне назар аудару;

ғ) ақпаратты идеологиялық құрылымын сараптау сияқты сатылардан тұруы тиіс.

Қазіргі таңға әлеуметтік медиа өмірімізге дендеп кіріп алды. Оны қолданушы әрбір тұтынушы өз ақпаратын таратуда ақпараттық сауаттылық тұрғысынан: орфографиялық-пунктуациялық принциптерге, тұлғалық «ЛИД» құрылымына, талдамалы-сараптамалы негіздемеге, стильдік жазылу ерекшеліктері сынды басты қағидаларға көңіл бөлуі қажет.

Әлеуметтік медиа – қоғам айнасы. Әлеуметтік желілер – жеке мен жекені, жеке мен көпшілікті және ең бастысы, көпшілік пен көпшілікті байланыстырудың әмбебап құралына айналды. Адам көрген-білгенін бөлісу үшін, “жариялау” үшін қазір ешкімге жалынышты емес. Бұдан былай ең беделді ақпарат көзі жеке адам және өзі секлді басқа адамдар. Оқиға мен тұтынушы арасындағы автор, редактор, корректор, продюссер, баспагер секілді делдалдар жоқ. Бұдан былай қоғам тыңдарман, көрермен және тұтынушылардың тобы емес. Технология әр адамға оқиғалар мен жаңалықтарды жасап шығаруға мүмкіндік берді, пікірлестерін тауып, олармен жақындасуға оңай жол ашты. Тек әлеуметтік медианың үстемдігі басым дәуірде оны тұтынушылардың арасында ақпараттық сауаттылық мәселесін дұрыс жолға қою қажет. Оны қоғамның өзі қажет етеді.

Дастан Қастай

Ә. Жутаева