«Болашаққа» құжатты интернет арқылы тапсыра аласыз

«Болашақ» стипендиясына құжат тапсыру жеңілдетілді. Енді бұл бағдарлама бойынша білім аламын деген кез келген азамат тиісті құжаттарын ғаламтор арқылы жолдай алады, деп хабарлайды Baq.kz.

Бүгін eGov.kz «электрондық үкімет» сайтында аталған стипендияға құжат тапсыру процесі басталып кетті.

Электронды құжат тапсырудың бұрынғы жүйеден біраз айырмашылықтары мен артықшылықтары бар. Мәселен бұған дейін төлқұжат пен жеке куәліктің көшірмесі міндетті түрде нотариалды куәландырылса, бұдан бұлай бұл әрекет міндеттелмейді. Сонымен қатар, зейнетақы қорынан берілетін үзіндінің де керегі жоқ. 

Құжат тапсыруға ниет білдірген кез келген талапкер www.egov.kz порталына тіркелуі қажет. Сонымен қатар, азаматтың электрондық цифрлы қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы керек.  «Болашақ» Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық стипендиясын табыстауға конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау» қызметі ҚР Білім және ғылым министрлігі қызметтерінің тізіміндегі «Электрондық» бөлімінде орналасқан.

2012 жылы «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсыру 1 қазанға дейін жалғасады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: Ярослав Радловский

Бөлісу: