Ағылшын тіліне интернет арқылы енген жаңа сөздер

Ағылшын тіліне интернет арқылы енген жаңа сөздер
Фото: massaget.kz

Қазір интернет және әлеуметтік желілер арқасында «инстадостар», «лайкқа лайық», «инстамания», «кітапмания» деген секілді көптеген жаңа сөздер пайда болып, тіліміз байып қалды. Екі сөздің қосындысынан жасалған туынды сөздер ағылшын тілінде де жетерлік.

Gloatgram, хвастограм, «gram» тіркесімен аяқталған сөз Instagram желісіне қатысты екенінен хабар береді. Бұл – инстаграмда автордың өмірі, не ішіп, не жегені, қайда қыдырып, не кигені шектен тыс көрсетілетін суреттер.

Selfie. Бұл сөзге анықтама берудің өзі артық. Арамызда телефонмен не планшетпен, тіпті фотоаппаратпен өзін-өзі суретке түсіріп көрмеген адам жоқ шығар.

Child supervision — балалар заманауи гаджеттерді бес саусағындай игеріп, оны қалай қолдануды ата-анасына үйретуі.

Helicopter parent. Бала-шағасының басқан қадамын аңдып отыратын ата-аналар жаңа ағылшын тілінде осылай сипатталады.

Me time. Ештеңеге алаңдамай, тек өзіңізге, жеке басыңызға көңіл бөлінетін сәт. Барлық құрылғыларды өшіріп, денеңізді босаңсытып, миыңызды тынықтыратын сәт жиі болғаны керек-ақ.

Phablet термині phone және tablet сөздерінен құралған. Экран үлкендігі бойынша қарапайым смартфонның ағасы, планшеттің інісі.

Staycation сөзі stay (қалу) + vacation (отпуск) сөздерінен шыққан. Еңбек демалысын диванда жатып, ваннада шомылып, жергілікті супермаркеттерге қыдырып өткізу, бір сөзбен айтқанда, ешқайда қыдырмай, жазғы демалысты үйде өткізу. 

Bridezilla. Вride (қалыңдық) және Godzilla сөздерінен туған жаңа ағылшынша сөз. Тойға дайындық кезінде тым кірпияз, тырысқақ боп кететін қалыңдықтарды осылай «еркелетеді».

Catfishing — өміріңіздегі не өзіңіздегі белгілі бір элементті ұлғайту не шектен тыс сәндеу.

Dreamathon. Таңертең тәтті ұйқыны қимай, оятқыш қатарынан қырық рет шырылдайтындай етіп қоятын жағдай көпшілігіне таныс шығар. Осы шақта бес минуттық ұйқы арасында түс көріп үлгеретін құбылыс ағылшын тілінде «Dreamathon» деп аталады.

Stuffocation — stuff (зат) + suffocation (тұншығу) тіркестерінен құралған қалжың сөз. Үйде бір нәрсенің көптігі сонша, дем жетіспей жатыр деген сөзді ағылшын тілділер бір сөзбен Stuffocation дейді.

Pancake people. Бір көргенде көпті көрген кемеңгердей, бәрін білетін кісі боп көрінген жан сыр сандығы ашыла келе білімінің шегі көрінеді. Үстірт жинаған ілімін әлдеқандай етіп көрсететін кісіні Pancake people дейді.

@. @assel_assanova