Теңіз қарақшылары туралы қызықты деректер

Теңіз қарақшылары туралы қызықты деректер
Фото: www.comicbookmovie.com

Орта ғасырларда дәуірі жүріп тұрған теңіз қарақшылары туралы не білесіз? Олардың мұхит асқан сауда кемелерін тонаумен айналысқаны белгілі. Дегенмен теңіз қарақшылары белгілі бір империяның мүддесіне де қызмет еткен. Атақты қарақшылардың капитандары адам аяғы баспаған аралдарда қазынасын сақтаған. Қазіргі таңда олардың белсенділігі төмендеген болса да, олар туралы көптеген аңыздар қалды. Ендеше теңіз қарақшылары туралы қызықты деректер топтамасына назар аударыңыздар.

1. Алғашқы қарақшылар теңіз жолдары ашылған кезде пайда болған. Сәйкесінше әлемдегі ең алғашқы теңіз флоты да теңіз саудасымен айналысатын кемелерді қарақшылардан қорғау мақсатында құрылады.

2. Қарақшылар белгілі бір мемлекеттің тапсырысын орындайтын болса, оларды «корсар» деп атайтын болған. Нақтырақ айтар болсақ, бір-біріне қас елдер жау кемелерін жоюға тапсырыс береді. Қарақшылар бұл салада тәжірибелі болғандықтан, арнайы сыйақы үшін кеме тонаумен айналысады. Айта кетсек, әлемді теңіз арқылы екінші болып айналып шыққан Френсис Дрейк шындығында қарақшы болған. Ол Англия ханшайымы Елизаветаның тапсырыстарын орындап, «Ағылшын флотының вице–адмиралы» титулын иемденеді.

Корсар Дрейктің титул иемдену сәті

3. Корсарлар кеме тонаудан түскен табысты теңдей бөлген. Кеме капитаны қазынаның оннан бір бөлігін алған. Ал ең аз мөлшердегі олжа кеме жөндеушісіне берілген. Себебі ол шайқасқа қатыспайтын болған. Ал шабуыл кезінде жарақат алған қарақшыларға көбірек үлес тиген.

4. Франция және Англия сынды орта ғасыр державалары қарақшылықты заңды деп қабылдайды. Бұл испан корсарларына қарсы тұрудың жаңа әдісі еді. Осылай Англия флоты Испанияның жеңілмейтін «Армадасын» теңіз түбіне батырады.

Көңілді Роджер

5. Теңіз қарақшылары арасында танымал адамның бас сүйегі бейнеленген қара түсті жалау «Көңілді Роджер» деп аталған. Ол тек шабуыл жасауға дайындық кезінде көкке көтерілетін болған. Ал кейде кемеде эпидемия тарағанын айғақтау мақсатында қолданылған. 

Ж. Өрісбай