Тойдың сәні - асаба

Тойдың сәні - асаба

Той, мереке атаулының сәнін де, әнін де келтіретін бірден-бір адам - асаба. Жалғыз өзі жүріп-ақ бір күнгі қуанышты мың күннің ұмытпас қуанышына айналдырып, "Бәленшенің тойы" еді дегендей ел есінде сақталып қалуы үшін жанын сала жұмыс қылатын ең ізгі жандардың бірі әрі бірегейі. Ендеше, мыңның көңілін бір арнаға тоғыстырып, жүз тілекті бір жерден шығаратын болашақ асабалар қалай қалыптасады екен.

Қазақ той-томалақ десе асаба іздеп, ат сабылтып әуре болып жатпайды. Ерте кезде қазақта асабадан көп өнер иесі болмаған. Қазір де солай. Күні бұрын-ақ асабалар өз жұмыстарына тас-түйін дайын тұрады. Және әр аға асабаның соңынан бір-бір шәкірт еріп барады. Әрине, асабалар шәкіртерін жайдан-жай алып бармайды. Кезегі келгенде отқа салып жіберуі де мүмкін. Өз кезегінде шәкірт те қиыннан қиыстырып тұрып сөз саптап үлгермесе, тапқырлығымен тәнті қылмаса, асаба болып қалыптасуы қиын. Сол үшін де оларға жүктелетін міндеттер күні бұрын қиындай береді. 

Болашақ асабаларға керек ең бірінші міндеттің бірі - ой жүйріктігі. Содан соң барып әдемі сөз, тапқырлық, белсенділік секілді тағы басқа толып жатқан қасиеттер тізбектеліп кете береді. Бірақ, бұл жерде қалып кеткен бір сөз бар. Ол сөз - білгіштік. Яғни өз мамандығының қыр-сырын бүге-шігесіне дейін білуі тиіс. Той ортасында тұрып алып көпіртіп әңгіме айта берсе, ондай тойдан не қызық күтуге болады. Керісінше, аз сөзбен мәз күлкіге баратын үлкен бастау жолды таба білу керек. Бір қарағанда қиын болып көрінбесі анық, алайда алдында отырған мыңдаған адамның ойлап отырған ой-арманын, тілек-үмітін тамыр басып анықтай қою қиынның қиыны.

Енді "асаба" сөзі қалай қалыптасқан. Соған аз-кем тоқтала кетсек. Ерте кезде тойдың асабасы болып ең құрметті, ең сыйлы адам тағайындалған. Ол өзіне берілген міндетті той соңына дейін атқарып шыққан. Және бір айта кетерлігі, ең құрметті адам тойды өз қалауынша жүргізіп, көпшілікті думанға бір бөлеген...

Барлық елдің той-думандары асабасыз өтпейді. Мәселен, Украинадағы асабаның жұмысы бөлекше. Ол жақтың асабалары үлкен адамдардың тойында тек қана тілек айтатындарды ғана жариялап тұрады. Соңғы уақытта ол жақта әйел асабаларға деген сұраныс күннен-күнге көбейіп бара жатыр.

Әдемі әзілдерімен, жарасымды ой-пікірлерімен, тапқырлығымен, ой салатын кестелі сөздерімен көптің көңілін төрге шығаратын өнер иелері қазақтың кез келген тойында сөз бастап жүр. 

Сурет:1001fact.ru

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига