Қарағанды оқушысы - мемлекетаралық ғылыми-техникалық байқаудың жеңімпазы

Қарағанды оқушысы - мемлекетаралық ғылыми-техникалық байқаудың жеңімпазы

Әлемнің ең танымал ғалымдары, оқытушылары. Әр елдің бетке ұстар шәкірттері. Ең үздік жобалар. Әрине, бұл - мемлекетаралық ғылыми-техникалық шығармашылық байқау. Оның биылғы жеңімпазы - Қарағанды облысының оқушысы.

"Ауа-райы және энергетика" категориясы бойынша (сыйақы мөлшері 3000 доллар) және "Энергетика саласындағы үздік жұмыс категориясы бойынша" (5000 доллар) қазылар алқасы шешімімен үздік болып Әсия Құсайынова танылды. Ол аталған байқауда "Уақытша соғып тұратын желдің көмегімен Магнус әдісі бойынша цилиндрлік жүйеде желқозғалтқышын жасап шығару" еңбегімен көпшілікті таңғалдырды. Оның аталған еңбегі, яғни желқозғалтқышы баяу соғатын желмен де жұмыс жасайтын болып шықты.

Бұдан басқа ол CarnegieMellon университетінің арнайы жүлдесі мен Сауд Арабиясының королі Абддул Азиз атындағы Фондпен марапатталды. Және "Қалыпқа келетін энергетика" категориясы бойынша 3-орынды иеленіп, Еуропалық жас ғалымдардың байқауына жолдама алды.

Жоғары сынып оқушылары арасында өткен мемлекетаралық ғылыми-инженерлік шығармашылық байқауға "Intel ISEF - 2012"-ге 68 елден 1500-ге жуық жас ғалымдар қатысқан еді. 

Оқушылар арасындағы мемлекетаралық ғылыми-техникалық шығармашылық байқау бүкіл әлемдік танымал Intel корпрациясының арқасында жүзеге асатын бастама. Аталған байқау 1950 жылдан бері жалғасын тауып келеді. Ал Intel корпорациясы 1998 жылдан бері демеушісі. Қазақстан мемлекеті 2001 жылдан бері Intel ISEF-тің толыққанды мүшесі болып саналады.

Байқаудың қаржылай қоры 4 миллион доллар шамасында.

Қазақстаннан биыл байқауға 3 оқушы барған болатын:  Әсия Құсайынова - Қарағанды облысының дарынды балаларға арналған "Дарын" мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы; Нұрбек Күнғожин - Республикалық Ө.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған физика-математикалық мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы; Арман Қадыров - Алматы қаласының №90-шы мектеп-лицейінің  10 сынып оқушысы.

Сурет: tengrinews.kz

Л. Лига