Сөз төркіні: Үзеңгі

Сөз төркіні: Үзеңгі

Бүгіннен бастап назарларыңызға белгілі тілтанушы ғалым, Қытайдағы қандасымыз Аяу Қашағанның сөз төркініне байланысты мақалаларын ұсынамыз.

* * * 

Үзеңгі – көлікке мінуге арналған, ердің екі қапталына қайыс бау арқылы тағылатын әбзел түрі.

Қазақтың:

«Екі тізгін жоқ болса,

Ат басын адам бұра алмас.

Екі тартпа жоқ болса,

Ат үстінде тұра алмас.

Екі үзеңгі жоқ болса,

Атқа адам міне алмас.

Бәрі бірдей сай болса,

Шайтан түгіл, жын алмас» деген мақалы үзеңгінің маңызын дәл анықтайды. «Ұлттық энциклопедияда» айтылуынша, үзеңгі б.з.д бірінші мыңжылдықтан бастап қолданылып келеді. Ол атқа мініп-түсу үшін және ат үстінде мығым отыру үшін пайдаланылады. Ағылшын археологі Гоодчилдтың (R.C Goodchild) анықтауынша, уақыты б.з.д IV ғасырға тән Чертомлік құмырасының белдеуіне салынған жылқы суреттерінен үзеңгінің алғашқы нұсқасын байқауға болады. Скифтердің өмірі бейнеленген осы суреттердегі жылқының қолтығына таяу тағылған қайыс бау атқа мінуге арналса керек. Бірақ бұны кең тараған және қолайлы әдіс деуге болмайтын секілді. Тек металл қорыту технологиясы қауырт дамып, темір, қола үзеңгілердің жаппай қолданысқа енуі нәтижесінде ғана, үзеңгі шын мәнінде әлеуметтік-әскери маңызға ие бола бастаған.

Үзеңгі б.з V ғасырынан кейін жаппай қолданыла бастады. Үзеңгіні жылқыны алғаш қолға үйреткен Орта Азиялық көшпенділер ойлап тапқанымен, оның дамуы, жетілуі Солтүстік Қытайды бағындырып, металл қорытудың үздік технологиясын тез игерген көшпенділердің үлкен бұтағы сианпилермен (Сәнбе) байланысты болды. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша, қазірге дейінгі әлемдегі датасы ең ұзақ үзеңгілер Қытай аумағынан, атап айтқанда, Ішкі Моңғол жерінен, III-IV ғасырларда сианпилер салтанат құрған Ұланхад аумағынан табылып отыр. Ағаштан жасалып, қоламен қапталған бұл үзеңгілер қазіргі металл үзеңгінің төркіні деп есептілінеді. Ал Еуропада темір үзеңгінің ең көне археологиялық қазбасы мажар жерінен, абарлардың моласынан шықты, түріктердің (Орта Азия түріктері) қуғынына түскен абарлар шамамен 560 жылдан кейін ұлы даладан Еуропаға қоныс аударып барған. Византиялықтар да үзеңгімен ауарлар арқылы таныс болған. Осы ретте ресейлік археолог С.И. Вайнштейннің «V ғасырдың 2 жартысынан бастап Еуропаның кең-байтақ далаларында үзеңгі жиі кездесе бастады. Қытай археологы Лю Хан және басқа да ғалымдар жылқы үзеңгісімен қоса басқа да жабдықтар Қытайға солтүстіктегі көшпенді түркілерден тараған деп есептейді» деген пікірін ескерген жөн.

Үзеңгінің тарихи-әскери маңызын ғалымдар ерекше жоғары бағалайды. Ағылшын ғалымы Линн Уайт (Lynn White) «Үзеңгідей қарапайым, бірақ дүние тарихына түбегейлі бетбұрыс әкелген өнер табыстары өте сирек кездеседі» десе, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай «Үзеңгілі ер-тоқымның жасалуы материалдық мәдениет тарихындағы үлкен жаңалық болды. Салт атты адам енді аз уақыт ішінде алыс жерлерді бағындырды. Көшпенділердің атты әскерінің қуаты күшейді. Бірінші мыңжылдықтардың 2 жартысынан бастап Еуразия далаларындағы көшпенділердің жылдамдықтары артты» дейді.

Үзеңгінің тарихына байланысты мағлұматты осылай қысқа қайырып, ендігі сөзді атаудың этимологиясына бұрайық. Үзеңгі атауы осы мағынасында түркі тілдерінің көпшілігінде кездеседі. Қараңыз: қазақ тілінде üzöηgi, түрік (Анатолия түріктері) тілінде üzengi, түркімен тілінде üzeηgi, балқар тілінде özengi, ноғай тілінде zöηgi, қарақалпақ тілінде üzeηgi, қырғыз тілінде üzeηgü, телеуіт, шор тілдерінде üzeηge(телеуіт тілінде üzeηi деген нұсқасы да кездеседі), алтай тілінде üzöηö, сойот тілінде ezeηe, саха тілінде iηehe немесе isäηä, шуаш тілінде yärana немесе ësenkeü, бұның соңғысы татар тілінен ауысқан деп саналады. Өзге түркі тілдеріндегі /z/ дыбысы шуаш тілінде /r/ дыбысына алмасады, салыстырыңыз: қазақ тілінде qız, шуаш тілінде her; қазақ тілінде qaz, шуаш тілінде hur; ұйғыр тілінде yüz, шуаш тілінде çer. Ноғай тілінде сөз басындағы /ü/ дыбысы түсіп қалған. Алтай, сойот, саха, шуаш тілдерінде сөздің соңғы буынындағы /g/ дыбысы түсіп қалған, бұл құбылыстар түркі тілдерінің фонетикалық заңына үйлеседі.

Бұл сөз түркі тілдеріне ортақ «көлікке мінуге арналған көмекі құрал» деген мағынасынан сырт, түркімен, қарақалпақ тілдерінде, сондай-ақ, иран қазақтарының тілінде «баспалдақ, саты» деген мағынада да қолданылады. Ескі әдебиеттердің кейбірінде осы мағынасында қолданылғаны туралы да дерек бар. Атаудың төркінін анықтау үшін, көне түріктердің тілдік мұраларына жүгінуге тура келеді. Енесей ескерткіштерінде /üzä/ деген септеулік кездеседі, мағынасы – үстінде, арқылы. Мысалы: «Kişi oğlında üzä, äçüm apam bumın qağan, istämi qağan olurmış». Ауд.: «Адам баласының үстінде, ата-балаларым Бумын қаған, Істемі қаған отырған». «Tarduş budun üza şad ärtim». Ауд.: «Тардұш халқы үстіндегі шад едім». «Kögöz üzä». Ауд.: «Кеуде үстінде». Бұдан басқа ескі ұйғыр қолжазбаларынан «Burhan üzä saç». Ауд.: «Бұрханның (будтың) үстіне шаш». Белгілі түркітанушы Мәтірейім Сайіт ескі және орта ғасырлық түркі тілдеріндегі «ara, bärü, käçä, osuğlığ, üçün, üzä» деген шылауларды етістіктен жасалған деп санайды. Мәшһүр түрколог Габайн ханым да /üzä/ септеулігінің /üz/ деген түбірден жасалғанын анықтап, мағынасын «көктеу, өсу» деп болжайды. Біздіңше, /üz/ түбірінің «көтеру, жоғарылау» деген мағынасы болған сияқты. Мысалы, ескі және орта ғасырлық түркі тілдерінде /üzälänü/ жоғарылау, шығу (тіліміздегі өзелену деген сөзбен байланысты болуы мүмкін); /üzäliksiz/ ең жоғары; /üzelemek/ биіктен қарау, /üzer/ үсті, жоғары жағы деген сөздер жолығады. Түркімен тілінде «ayağnı yerden üz», ауд.: «аяқты жерден көтер». Қазіргі түрік тілінің диалекттерінде «баспалдақ, саты» деген мағынада қолданылатын /üzgü/ деген сөз бар. Түркі тілдерінің сөзжасам заңы бойынша, бұл сөз етістік түбір /üz/-ге /gü/ жұрнағы жалғану арқылы жасалуға тиіс, олай болса, /üz/ түбірінің «көтеру, жоғарылау» деген мағынасы ашыла түседі, себебі, баспалдақ биік үйдің немесе биік заттың жоғарғы жағына шығу-түсу үшін жасалады ғой. Қазақ тілінде «киіз үйдің жоғарғы жағына, уықтың үстіне, туырлықпен астастырыла жабылатын киіз» деген мағына беретін «үзік» деген сөз бар. Қазақ тілінің сөзжасам заңы бойынша, бұл сөз де етістік түбір үз-ге-к (қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес атаулы жұрнақтың тағы бір нұсқасы:-қ) жұрнағы жалғану арқылы жасалуға тиіс. Салыстырыңыз: озық – оз-қ; күйік – күй-к; түкірік – түкір-к. Демек, «үз» моносиллабының «жоғарылау, көтеру» деген мағынасы бұл ретте де анық байқалады. Көне түрік тілінде етістіктерге жалғанып өздік етіс тудыратын /(x)n/ жалғауы бар (жақша ішіндегі x таңбасы дауысқа дыбыстың орнына жүреді). Салыстырыңыз: /at+la+n/ аттан; /ämgä+än/ азаптан; /ig+lä+än/ науқастан. Сондай-ақ, көне түрік тілінде етістіктердің соңына тіркеліп, қимыл иесінің немесе қимылдың орындалуына қажетті көмекі құралдың аты ретіндегі зат есім тудыратын /gü/ және /ğu/ жұрнақтары бар. Салыстырыңыз: /qara+ğü/ қараушы; /piç+gü/ қайшы; /közün+gü/ айна. Тілдік дамудың нәтижесінде, бұл жұрнақтар қазіргі қазақ тілінде -қы, -ғы, -кі, -гі тұлғаларына орныққан. Салыстырыңыз: ашытқы, ұйтқы, кергі, сүзгі, жамылғы, тебінгі. Осы қисын бойынша, үзеңгі сөзі о баста «көтеру, жоғарылау» деген мағына беретін /üz/ түбіріне өздік етіс тудыратын /än/ жалғауы, оның артынан зат есім тудыратын /gü/ жұрнағы жалғану арқылы жасалып, бір нәрсенің үстіне шығу үшін қолданылатын құрал деген мағына берген деп есептейміз (бұл ретте қазақ тілінде ат үсті, ат үстінен ұйқы алды, ат үсті – әулие деген сөз оралымдары бар екенін ескерген жөн). Қазақ тілінің үндестік заңы бойынша, басқы буындағы /ü/ дыбысының ықпалымен 2-буындағы дауысты /e/ дыбысы /ö/ дыбысына (ауыз екі тілде), соңғы буындағы /g/ дыбысының әсерімен дауыссыз /n/ дыбысы /η/ дыбысына айналған, тіл білімінде бұл құбылыс ілгері ықпал және кейінді ықпал деген терминдермен сипатталады.

Авторы: Аяу Қашаған

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: Wikipedia.org

Оқи отырыңыз:

Сөз төркіні #1

Сөз төркіні #2

M. Auelkhan