Паразит сөздерді кімдер айтады?

Паразит сөздерді кімдер айтады?

Қарым-қатынас кезінде адамның кей сөздерді қайта-қайта айту әдеті болады. Мағынасы келсе де, келмесе де қолданыста болатын сөздерді талдап, бұл сөздерді көп айтатын адамның мінезін анықтап көрсек қайтеді?

Жаңағы... Бұл сөзді көбінде ойлау жылдамдығы баяу адам қолданады. «Жаңағы...» деген сәтінде оның өз ойын дұрыс жеткізгісі келіп, аса бір ұқыптылықпен сөйлегісі келетінін аңғарамыз. Бірнеше ойды ретімен бірден айту мүмкіндігі болмай қалғанда мысалға алынған сөз оған бірнеше уақыт болса да ойлануға мүмкіндік береді. «Жаңағы» деген сөздің «жаңа» деген сөзбен мағыналас екенін біліп, бірақ оны дұрыс қолданбайтын сөйлеуші оны уақыт категориясында қарастырады. Бірақ бұл қате сөз.

Не ғой... Әңгімесін осылай бастайтын адамдар бұған дейін айтылған әңгіменің жалғасын айтқысы келеді, бірақ сөзінің тыңдалмай, еленбей қала ма деп ойлауынан шығады. Бұл сөз де айтушыға өз ойын ретімен дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл сөз адамның өзін-өзі өзгеден ойша төмен қоятынын байқатады.

Негізі... Қандай да бір ойға келісімін бермес бұрын өзін толғандырған мәселеге қатысты күмән-күдіктердің барлығын да саралап алушының аузынан осы сөзді көп естиміз. Кей жағдайда бұл сөз қандай да бір сөзге келіспейтін кезде айтылады. Бұл сөзді көп айтатын адам көбінде ешкімге де оңай сене салмайтынын, белгілі бір мәселені шешуде қиналатынын көрсетеді.

Аты не еді... Дәл осылай ойын жинақтай алмайтын, қашанда асығыс-үсігіс жүретін адамдар айтады. Мәселеге атүсті қарап, кейін оны сипаттауда қиындыққа ұшырап жатады. Қысқа уақытқа есте сақтау қабілеті нашар адамдар әрбір сөзін «аты не еді...» деп бастайды.

Мысалы... Егер бұл сөзді ретімен және қайталамай айтатын болсақ, қате емес. Ал екі сөзінің бірі «мысалы» болса бұл адам да өз ойын жинақтап айту үшін қиналатынын білдіреді. Екі сөзінің бірін мысалмен түсіндіретін адам мәселенің мән-жайын толық түсінбеген я визуалды есте сақтау қабілетін ғана іске қосатындығынан хабар береді.

І-і-і... (ы-ы-ы...) Шешім қабылдауда немесе жауап қайтаруда мұндай ырғақты дыбыс шығарып, уақыт созатын адам көбінде өзінің жауабын іштей толықтай ойластырып алатын қасиетке ие. Ал айтқысы келгені тілінің ұшында тұрса да «і-і-і...» деп қипақтайтын болса – бұл жаман әдеттің бір түрі болып саналады. Сөз таппай қалған адам көбінде осындай дыбыс шығарады. Мұндайды әдетке айналдырған адам адамдармен көбірек қарым-қатынас жасап, көркем әдебиет оқуы керек.

Енді... Бұл сөз де паразит сөздер қатарынан. Бірінші ой мен екінші ойды байланыстыра алмаған адам «енді...» дей келе тыңдаушыға мән-жайды ұғындырғысы келеді. Шешімі қиын сұраққа жауап іздеген адам осы сөзді айтады. Ал кейде өтірік айтқысы келген адам бұл әрекетімен өзінің қай жерде қателесіп қалуы мүмкін екенін өлшеп-бағады деген сөз.

Шыны керек... Бұл сөзді де көбінде дәйектемемен сөйлей алмайтын адамдар қолданады. Ол әрбір сөйлемін осы сөз арқылы қолданып, айтылып жатқан мәселенің шындық екенін назарда ұстайды. Кейде өтіріктің де бір шетін осы сөз арқылы біліп қалуа болады. Мұндай адам өз-өзіне сенімді болып, белгілі бір мәселені толықтай игеріп барып қана сөйлеуі керек.

Ал... Бұл сөзді көп айтатын адам ойын реттей алмай, көп жағдайда шашыраңқы сөйлеп қоямын ба деп қорқады. Екінші бір қасиеті – тыңдаушының назарын өзіне осы сөз арқылы аударғысы келеді.

Мына... Визуалды ойлайтын адам көз алдында тұрған дүниені сипаттай алмаған жағдайда осы сөзді көп қолданады. Айтар сөзін қазір ғана ойластырып тұрған сөйлеушінің бұл сөзі көбінде сыңаржақ, ақылсыздау я жалпы айтылатын пікір болып қалуы мүмкін.

Жалпы... Бұл ер адамдардың көп айтатын сөзі. Біріншіден, ер адам табиғатынан затты тәуелділігіне қарай сипаттауға бейім, екіншіден қандай мәселе болса да оған жалпылай, көлемді түрде қарағысы келеді. Бұл сөзді айтатын адамның кемшілігі – мәселеге тиянақты түрде тоқтала алмайды.

Сонда... Бұл паразит сөзді айтқан адамның қорытынды жасауға және шешім шығаруға қорқады. Ол қайбір іске болмасын, сенімсіздік танытып, әрбір дүниеге күмәнмен қарайды. Мәселен бір жақты етіп шешу оған үлкен сынақ болып табылады.  

Қысқасы... Бұл сөзді айтатын адам үнемі асығыс болады. Мәселені мән-жайымен түсіндірудің орнына шешімін бірден айта салғысы келеді. Ол өзіне жаңалық болып көрінбейтін дүниеге ешқашан да назар аудармайды. Кемшілігі де сол – көп дүниеге көлденең қарайды.

Жоқ... Бұл сөзді көп айтатын адамның қандай да бір мәселеден кемшілік іздейтін, өз сөзін ғана дұрыс деп ойлайтын қасиеті бар. Келісіп тұрса да, сөзін «Жоқ...» деп бастайтын адам әңгімелесушінің алдында дөрекілеу, мәдениетсіз болып көрінеді.

Ойлашы... Сөзін осылай бастайтындар өзі таңғалып, аса қатты көңіл бөлген дүниесін айтуда тыңдаушының да сондай реакцияда болғанын қалайды. Мұндай адамдарға өзіне қызық болып көрінген дүние өзгеге қызық болып көрінбеуі мүмкін екенін ұққаны жөн.

Ал сіз қандай паразит сөздерді қолданасыз?

Автор: Ардақ Құлтай

А. Құлтай