Алматыда "Сыра Барлауы" шарасы өтті

Алматыда "Сыра Барлауы" шарасы өтті

Кеше Алматы қаласында Carlsberg Kazakhstan компаниясының Алматы әкімдігінің қолдауымен үшінші рет «Сыра Барлауы» шарасы өткізілді. Бұл шара жасы 21-ге толмаған жастарға сатуға қарсы бағытталған. Сыра Барлауы Алматы қаласының сауда нүктелерінде рейд түрінде жүргізілді. Carlsberg Kazakhstan қызметкерлері, Алматы әкімдігінің өкілдері, Мемлекеттік жастар саясатын дамыту қоры, журналистер және өнер қайраткерлерінен құралған төрт топ қаланың әр түрлі төрт ауданында болып, сауда өкілдерінің заң талаптарын сақтайтындығын қадағалады. Шара барысында 38 сауда нүктесі тексерілді.

Шараға қатысуға «Massaget.kz»  ойын-сауық порталы арнайы шақырылды. Ғазиза Ұзақ бірінші топтың құрамында болып, жас әнші Zaza, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі, әнші-сазгер Қорлан Картенбаева және Carlsberg Kazakhstan компаниясының қызметкерлерімен бірге сауда нүктелерін аралап, барлау жүргізді.

Бірінші топ барлаушылары тұрғын-үй көп шоғырланған аудандарының біріне келді. Топта ең жас қатысушы он тоғыз жасар, әнші Zaza болды. Алдын ала ойластырылған оқиға желісі бойынша, ол дүкен ішіне кіріп, сыра сатып алуы керек. Ал қалған барлаушылар «Жасы 21-ге толмаған жеткіншекке дүкен сатушысы сыра сатады ма?! Әлде заң талаптарын орындап, алкогольді ішімдіктерді сатудан бас тартады ма?!» деп сырттан бақылап тұрды.

Зазаның бірінші дүкенге кіргенінен шыққаны тез болды. Себебі, дүкен сатушысы оған сыра сатудан бірден бас тартты. Жасының 21-ге толғанын айтқан Зазадан дүкен сатушысы жеке куәлігін көрсетуді талап етті. Құжаттарының үйде қалып қойғанын айтқан Заза сөзіне дүкен сатушысы сенген жоқ. Сыра сатып ала алмаған Зазаның соңынан дүкенге сыра барлаушылары кіріп, заңды бұзбаған сатушыға алғыс айтып, естелік сыйлықтарды тарту етті.

Екінші және үшінші дүкен қызметкерлері де заң талаптарын орындады. Ал төртінші дүкен сатушысы Зазаға: «Мен саған сыра сатсам, ертең маған келіп, неге жас қызға сыра саттың деп айып тағуы мүмкін. Ал мен болсам, ереже сақтауды жөн санаймын. Саған сыра сатып, айыппұл төлейтін жайым жоқ» деп кесіп айтты. Сатушының бұл сөзіне риза болған барлаушылар дүкен иелеріне сый тартып, алғыстарын білдіріп жатты. Өз кезегінде жас жеткіншекке сыра сатпаған дүкен иесі өзінің қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігінің барын сезінетіндігін, ереже талаптарына бағынатындығын айтып жатты.

Бесінші дүкен иесі Зазадан жеке куәлігін сұрап, тым болмаса, студенттік билетін көрсетуді талап етті. Өзімен бірге құжатын алып жүрмегенін, үйде қалдырғанын айтқан Зазаға сатушы: «Құжатың жоқ болса, үйіңе барып алып кел» деп кесіп айтты. Заңға бағынған дүкен иелеріне барлаушылар естелік сыйлықтарды табыс етіп, алғыстарын жаудырды. «Бізге сыра, темекі сатып алу үшін жас қыз-жігіттер жиі келеді. Оларға алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатуға тыйым салынған. Сондықтан да, олардың өтініштерін, сылтауларын біліп алғанбыз. Күмәнданған жағдайда, міндетті түрде олардан құжат көрсетуді талап етеміз», - деп дүкен иесі ағынан жарылды.

Ал алтыншы дүкен иелері жас жеткіншекке сыраны еш ойланбастан сатып жіберді. Бес дүкеннен қолы бос қайтқан Заза сыра сатып алғанына бір жағынан іштей қуанса, бір жағынан дүкен иесінің заң бұзғанына қатты налыды.

Жаңа ғана сыра сатып алған қыздың бір топ адаммен кіргенін көрген дүкен сатушылары аң-таң болып қалды. Тіпті, сыра сатқан жас қыз ізім-ғайым жоқ болды. Ал оның әріптесі біраз абдырып қалды. Мән-жайды түсіндірген сыра барлаушыларының алдында ақталып, кешіріммен қарауды өтінді.

«Шынымды айтсам, өз басым сыра, шылым сатып алуға келген жас қыз-жігіттерден құжат сұраймын. Әріптесім қарбалас жұмыстан сатып алушының жүзіне қарап, оның жас екендігін байқамаған болар» деп ақталды. Дүкенге өнер иелерінің келгенін көріп, таныған бойда ол атақты жандардан қолтаңба алып қалуды жөн санады. Ал сыра барлаушылары заң бұзған дүкен сатушысын жазалаған жоқ. Ескерту сөздерін айтып, оларға да сыйлықтар табыстап кетті.

Жетінші дүкенге кіріп, сыра алуға ниеттенген Зазаға дүкен сатушысы оның жас екендігін айтты. Өзінің кәмелеттік жасқа толғанын, құжаттарының дәл қазір жоқ екендігін айтқан жағдайда да Зазаның бірде-бір сөзіне сенген жоқ. «Сен жассың. Маған сен сияқты жастарға сыра сатуға болмайды. Ал саған ол сыраны ішуге болмайды» деп ашық айтты.

Сегізінші сауда дүкенінің маңында балабақша, мектеп пен орта білім беретін техникалық колледж орналасқан. Сыра барлаушылары маңайында жас жеткіншектер көп жүретін дүкен сатушыларының заң талаптарын сақтайтынына 100% сенімді болды. Алайда, сауда дүкенінің кассирі кезекте тұрған адамдарға тезірек қызмет көрсетуді көздеді ме, әлде заңнама талаптарын білген жоқ па, әйтеуір, жас қыздан ештеңе талап етпей, бір шөлмек сыраны сатып жіберді. Сауда нүктесіне кірген сыра барлаушыларына қауіпсіздік қызметі қатаң қарап, бірден дүкен әкімшілігін шақырып, видео мен фотокамераға түсіруге тыйым салды. Ал сыра барлаушылары болса, дүкен әкімшілігі мен қызметкерлерден заң талаптарын алдағы күндері орындау керектігін ескертіп, естелік сыйды тарту етті.

«Бүгінгі шараға арнайы қонақ әрі басты кейіпкер ретінде шақырылдым. Сегіз дүкеннің алтауы маған сыра сатудан бас тартты. Тіпті, маған ақыл айтып жатты. Мен осы дүкен иелерінің заң бұзбайтындығына риза болдым. Себебі, менің екі кішкентай інім бар. Үлкен әпке ретінде мен дүкендерде оларға шылым, алкогольді ішімдіктердің сатылуына түбегейлі қарсымын. Осы шарадан кейін болашақта ереже талаптарын сақтайтын жандардың көбейетініне үлкен сенім білдіремін», - деді әнші Заза.

«Тұран» этно-фольклорлық ансамбльдің мүшесі, әнші-сазгер Қорлан Картенбаева:

«Рейд нәтижелері мені қуантты. Сегіз дүкен сатушылары заң талаптары мен ережелеріне бағынатындығын іс жүзінде көрсете алды. Яғни, олар қоғам алдында үлкен жауапкершіліктің барын сезінеді. Бұл шара арқылы біз қоғамға ой тастап, жас жеткіншектерге ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіре аламыз. «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» дегендей, менің ойымша, мұндай шара кез келген жастағы азаматтың бойына жақсы тәлімді сіңіреді. Бұл шара келешекте жалғасын тауып, тек Алматыда ғана емес, өзге де аймақтарда жалғасын тапса деген ниетім бар».

«Massaget.kz» танымдық, ойын-сауық порталының контент-менеджері Ғазиза Ұзақ:

«Бұрын-соңды «Сыра Барлауы» шарасы жайлы естігенім болмаса, қатысқан емеспін. Ұйымдастырушылар тарапынан шараға қатысуға арнайы шақырту алғанда қатты қуанып, бірден келісімімді бердім. Себебі, мұндай шарада бой көрсету өзімнің азаматтық парызым деп білемін. Бұл шара қазіргі таңда қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелерді қозғауда. «Отан – отбасынан басталады» деп атам қазақ бекерден бекер айтпаса керек. Кез келген жастағы азамат әлеуметтік табына қарамастан, қоғам алдындағы орасан зор жауапкершілікті сезініп, заңға қайшы әрекеттерді жасамауы керек. Бүгін біздің топ жүргізген рейд нәтижелері жаман емес. Заза өзіне артылған рөлді толығымен алып шықты. Заңға бағынған дүкен иелеріне шексіз ризалығымды білдірдім. Болашақта бұл шараның өрісі кеңейіп, маңызы арта түседі деген ойдамын».

Шара аяқталар сәтте, Carlsberg Kazakhstan компаниясының қызметкерлері мен танымал өнер, спорт қайраткерлерінің қатысуымен баспасөз отырысы өтті. Баспасөз отырысында алқалы топ шара барысында жүргізілген рейд нәтижелерін анықтады. Бүгінгі барлау нәтижелері бойынша 38 дүкеннің 19-ы жасы 21-ге толмаған жеткіншектерге сыра сатқан. Яғни тексерілген сауда нүктелерінің 50%-ы заң талаптарын бұзған. Өткен жылы Сыра Барлауы нәтижелері бойынша заң бұзушылық сауда нүктелерінің 44%-ында орын алса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 50%-ды құраған. Шара ұйымдастырушыларының айтуы бойынша, қоғамда заң алдындағы жауапкершілік деңгейі өте төмен. Болашақта барлық азаматтар шараға белсенді түрде қатысып, игі нәтижелерге қол жеткізе алатындығын алға тартты. 

Ғ. Ұзақ