Мұхтарбай Өтелбаевтың еңбегі ағылшын тіліне аударылып жатыр

Мұхтарбай Өтелбаевтың еңбегі ағылшын тіліне аударылып жатыр

Біз сіздерге осыған дейін еліміздің алдыңғы қатарлы математигі, профессор Мұхтарбай Өтелбаевтың «Мыңжылдықтың проблемасы» аталатын ең күрделі жеті есептің бірі Навье-Стокс теңдеуін шешкендігін хабарлаған болатынбыз.

Енді ғалымның «Навье-Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» атты еңбегін ерікті топ ағылшын тіліне аударып жатыр. Бұл туралы New Scientist порталы хабарлады. М.Өтелбаевтың еңбегі орыс тілінде жарық көргендігін айта кетейік. Аударма ісі мыңжылдық теңдеуінің шешімін халықаралық математиктер қауымдастығының өкілдері бағалай алуы үшін жасалып жатыр. Аудармамен Массачусетс технологиялық университетінің ғалымы Миша Вулфсон (Misha Wolfson) басқаратын ерікті топ айналысу үстінде.

Орыс тіліне жетік Миша Вулфсон қазақстандық ғалымның шешкен теңдеуіне әзірге ғылыми негізде баға бере алмайтынын айтып отыр. Ал математиктің жазған еңбегімен енді ғана танысып бастаған Миссурий университетінің оқытушысы Стивен Монтгомери-Смит болса, оның дұрыс шыққанына үміттеніп отыр: «Осыған дейін оқып үлгергенім бойынша, бәрі дұрыс сияқты. Бірақ әзірге қандай да бір дәлел көре қойған жоқпын»,-дейді ғалым. Өз кезегінде Принстон университетінің өкілі Чарльз Фефферман (Charles Fefferman) болса, аталған еңбек ағылшын тіліне аударылмайынша ешқандай пікір білдіре алмайтындығын айтты: «Осы күнге дейін әлемнің әр түкпіріндегі ғалымдардан Навье-Стокс теңдеуінің бірнеше шешімі келіп түсті. Өкінішке орай, олардың ешқайсысы да дәлелденген жоқ»,-дейді ол.

Ағылшын тіліне жетік адамдар ішінде ғалымның еңбегін аударуға қол ұшын берем деушілер болса, мына сілтемеге өтсе болады. 

Айта кетейік, Клэй математикалық Институты мыңжылдықтың жеті есебінің біреуін шешкен адамға 1 миллион доллар көлемінде сыйақы тағайындаған. Дегенмен, теңдеулердің әрқайсысы өте күрделі болғандықтан, «дәлелдедім» деген ғалымдардың шешімдерін математиктер тобы 1-ден 3 жылға дейінгі уақыт аралығында тексеріп шығады.  Әзірге мыңжылдықтың проблемасына жататын жеті есептің біреуі ғана шешілді. Пуанкаре гипотезасы деп аталатын есепті ресейлік математик Григорий Перельман 2010 жылы толық шешіп, дәлелдеп шықты. Алайда ғалым тек өзіне ғана белгілі себепке байланысты уәде етілген қомақты сыйдан бас тартты. Бір қызығы, Перельман оған дейін де өзіне ұсынылған бірнеше атақ пен қаржылық сыйлықтардың ешбіреуін алуға келісім бермеген екен.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: astana-akshamy.kz

Б. Қосмағамбет