Зиялылардың қанша түрі бар?

Зиялылардың қанша түрі бар?

Мәдениетті зиялылар жасайтын болса, зиялы деген кімдер? Әлде әрқайсымыз өз-өзімізді зиялы деп белгілеп аламыз ба?

Италияның ғұламасы Антони Грамши зиялылардың екі түрі болады дейді. Бірі, қарапайым халық ортасынан шыққан естияр, көзі ашық азаматтар. Екіншісі, сауатты, білімдар, кәсіби маман деңгейіне көтерілгендер. 

Шын мәнінде зиялы (интеллигент) болу үшін уақытты босқа өлтірмеу керек. Зиялылық – алдымен көп білу, содан соң оны өмірде пайдалана білу.

Халықтың халық болмағы алдыңғы қатарда жол көрсетіп жүрген азаматтарында. Елді өсіру де, өшіру де солардың қолында. Егер олар жетілген, озық ойлы болмаса, онда қиын. Қарапайым халық бәріне сенеді, қайда жетелесең, сонда ереді. 

Достаевский зиялыларды екіге бөлген: табаны жерге тиіп тұрғандар мен тимей тұрғандар, - деп. Табаны жерге тиіп тұрған дегеніміз – ұлттық ділі бар, ұлттық рухқа арқай сүйейтін және оны көтеруге тырысатын, ұлтына қорған болуға әрқашан дайын азаматтар, ал табаны жерге тимей тұрғандар – ол ұлттың жақсысы болса пайдаланып, жаманы түзетуге атсалыспайтындар, өз ұлтының басынан асыра қарағысы келетіндер. Олар биік мансапты шенеунік те, пайдасыз интеллектуал да, замана бағытын түсініп алған екі жүзді де болуы мүмкін. Өз сөздерінде ең қымбат нәрсе халық деп, халықты алдап қана қойғысы келетін, шын мәнінде халыққа емес қара басына ғана қызмет ететіндердің бәрін соларға жатқызуға болады.

Мәселені "өмір сүруге зияныңды тигізбе" деп қойған дұрыс. Ол: рұқсат, өмір сүр, ізден, қимылда, ойлан, пайдаңды тигіз дегені. Зиялы деп осы талапқа жауап беретіндерді айтамыз.

"Бұ дүние басқа бір әлемге өткел екені күмәнсіз. Өткел үсті - кісіге сын, онда шын мәнінде бақытты адам жоқ. Адамдар зиялы және қараңғы болып екіге бөлінеді. Мақсат – қараңғылардың санын азайту. Біздің ғылым үйрету деп аспандайтынымыз да сол" - дейді Виктор Гюго.

Қазақ ғылымында интеллигенциядан гөрі «зиялы» ұғымы пайдалынады. М.Шоқай: "Ұлттық зиялы деп кiмдердi айтамыз? Бiр қарағанда, жеңiл көрiнгенiмен, шын мəнiнде бұл сауалға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тəрбие көрген адамның бəрiн "зиялы" деп атап, оны сол адам өзi тəн болған ұлттың "ұлттық зиялысы" қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсiз қателесемiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат мақсаттардың соңында жүрген жəне сол белгiлi мұрат-мақсаттар төңiрегiне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық жəне əлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. 

Халықты ұлт-деңгейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар болған халық бұқарасын бiрлестiрiп, олардың санасын бiр тұтас саяси, əлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi". Міне, Алаштың ардақты ұлы Мұстафаның зиялылыққа берген анықтамасы осындай. 

Л. Лига