Такси жүргізушісі жолаушысына 300 мың долларын қайтарып берді

Такси жүргізушісі жолаушысына 300 мың долларын қайтарып берді

АҚШ-тың ойын-сауық қаласы саналатын Лас-Вегас (Невада штаты) көшелерінде таксист болып қызмет ететін Джерардо Гамбоа көлігіне жолаушысы қалдырып кеткен 300 мың АҚШ долларды иесіне қайтарып беріп, жомарттық танытты. Кейін белгілі болғандай, такси жолаушысы бұл ақшаны казинодан ұтып алған екен. Оқиға былай болған:

23 желтоқсанда Yellow Checker Star таксопаркінің қызметкері Джерардо бір отельдің жанына жолаушысын түсіріп, басқа бір шақыртуға тартып тұрады. Сол сәтте есікті ашып жолаушыны көлікке мінгізуге көмектескен швейцар артқы орындықта бір сөмкенің жатқанын көзі шалып қалып, оны такси жүргізушісіне береді.  

Ал таксист болса сөмкеге үңіліп, ішінде қомақты ақшаның жатқанын байқайды. Көре салысымен ол жолаушыға куәгер оның екендігін ескертіп, бірден диспетчерге орын алған оқиғаны айтып қоңырау шалады.  

Іске араласқан жергілікті полиция көп ұзамай ұтыстың иесін анықтап, оған бар ақшасын қайтарып береді. Ал жомарттық көрсеткен таксистке өз компаниясының басшылығы «жыл жүргізушісі» деген аттаққа қоса, оған 1 мың доллар ақшалай сыйақы берген екен. Одан бөлек, таксист Лас-Вегастың ең көрікті мейрамханасында кешкі ас ішуге екі адамдық рұқсат қағазына ие болды.

Ал ұтысымен қайта қауышқан әлгі жолаушы Гамбоаға соқыр тиын да ұстатпаған көрінеді. Бірақ жүргізуші оның бұл әрекетіне ренжімейтінін де айтып отыр: «Маған ақша қалдырмады деп өкпелейтін жәйім жоқ. Мен тек қана иесіне тиесілі өз ақшасын қайтарып бердім», - дейді Джерардо Гамбоа.

Осыған ұқсас оқиға биылғы жылдың қыркүйегінде Бостон қаласында болған еді. Сол кезде қаланың үйсіз бір тұрғыны сауда орталықтарының бірінен ішінде 42 мың АҚШ доллары бар сөмкені тауып алып, кейін оны полиция бөлімшесіне әкеп тапсырған. Сөмкеде ақшадан бөлек, оның иесінің төлқұжаты да бар болып шыққан. Соның арқасында полиция оны тез арада тауып, оған ақшасын түгелдей қайтарып берді.

Осы оқиға БАҚ арқылы көпшілікке хабарланғаннан кейін, қала тұрғыны Итан Виттингтон есімді жігіт осындай жақсылық істеген үйсізге арнап қайырымдылық қорын ашуға бел буған болатын. Көп ұзамай елдің түкпір-түкпірінен адамдар қорға ақша аудара бастады. Ең соңғы мәлімет бойынша қазір қордағы ақшаның жалпы сомасы 200 мың доллардан асып кеткен екен. Бұл көмектен бөлек, әртүрлі компаниялар да оған өздігінше жәрдем жасап жатыр. Мысалы қаланың бір стоматологиялық клиникасы оған өмір бойына тегін қызмет көрсетуге уәде берді.

Дайындааған: Болат Қосмағамбет

Сурет: pokeroff.ru

Б. Қосмағамбет