Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы халықаралық ұйымға берілді

Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы халықаралық ұйымға берілді

Жаңа ғана Норвегия астанасы Ослодан таратылған онлайн көрсетілімде бейбітшілік саласы бойынша 2013 жылғы Нобель сыйлығы лауреатының есімі жарияланды. Сонымен биылғы жүлде Сириядағы кризиске байланысты БҰҰ-мен біріге отырып химиялық қаруды жоюға ат салысып жатқан "Химиялық қаруды қолдануға тыйым салу" ұйымына беріліп отыр, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осыған дейін әлем бойынша ірі букмекерлік кеңселер де биылғы жылдың кандидаттарына бәс қабылдаған еді. Нобель комитеті бүгін көпшілікті таң қалдырды. Себебі аталған ұйымның ("Химиялық қаруды қолдануға тыйым салу") жеңіске жету мүмкіндігі мүлдем қарастырылмаған еді. Керісінше букмекерлер 259 үміткердің ішінде басты фаворит деп Малала Юсуфзайды таныды. Осылайша ол бүгін жеңімпаз деп танылғанда өз еліндегі жасөспірім қыздардың білім алуына қолдау білдіріп, солардың құқығын қорғағаны үшін жергілікті талибан содырларының шабуылына тап болып өлім аузынан аман қалған 16 жасар пәкістандық қыз Нобельге ие болған ең жас лауреат атанар еді.

Екінші орында АҚШ қарулы күштерінің бұрынғы талдаушысы және де Wikileaks сайтының хабаршысы американдық Брэдли Мэннинг тұрған болатын. Ол биылғы жылдың тамыз айында АҚШ сотының үкімімен 35 жылға түрмеге тоғытылды. Ал Мэннингтің қолдаушылары оның жасаған ерлігі арқасында американдық әскерлердің Ирактан шығарылуы жеделдетілді дегенді айтады.

Одан бөлек тізімнің алдыңғы қатарында Конго Демократиялық Республикасының дәрігері, әйелдер құқығын қорғаушы Денис Муквеге, нигериялық Джон Олорунфеми Онаийекан, кедейлерге жәрдем көрсететін қауымдастықты басқаратын каирлық Мэгги Гобран сияқты үміткерлер болды.

Биылғы жылы осы саладағы сыйлыққа ең көп үміткерлер Ресейден болыпты. Оның ішінде құқық қорғаушы Людмила Алексеева, Светлана Ганнушкина, Лилия Шибановалар бар. Ең қызығы үміткерлер арасында РФ Президенті Владимир Путиннің де есімі жүр. Ол бұл тізімге Сирия дағдарысын шешуге белсенді ат салысып, шешуші рөл атқарғандығы үшін ілінген еді. Оның бұл кандидатурасы тіпті АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктері мен қарпайым халық арасында да үлкен қолдау тапқан болатын.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығы Еуроодаққа бұйырған болатын. Сол кезде Нобель комитеті оның себебін аталған ұйымның «кәрі құрлықта» бейбітшілік орнатуға ерен еңбек сіңіруімен түсіндірген еді. Ал 2009 жылғы жүлде АҚШ президенті Барак Обамаға табысталғандығын айта кетейік. 

Сонымен Нобель сыйлығының жеңімпаздары 10 желтоқсанда (аталған сыйлықты ойлап табушы Альфред Нобельдің (1833-1896) қайтыс болған күні) Швеция астанасы Стокгольмде арнайы кеш барысында марапатталады.

Нобель апталығы алдағы дүйсенбі күні мәресіне жетеді. Сол күні Нобель комитеті биылғы жылдың экономика саласындағы жеңімпазын жариялайды.

Айта кетейік, биыл 2013 жылғы Нобель сыйлығының жеңімпаздарына берілетін жүлде қоры 8 миллион швед кронасын құрап отыр (1,2 миллион АҚШ доллары).

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: theguardian.com

Б. Қосмағамбет