Химия саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары белгілі болды

Химия саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары белгілі болды

Бүгін Швеция астанасы Стокгольм қаласында 2013 жылғы Нобель сыйлығы лауреаттарының есімдері жарияланды. Сонымен бұл жолғы сыйлық күрделі химиялық жүйелер моделінің дамуына ат салысқан үш ғалымға теңдей бөлініп берілетін болды. Олар - Мартин Карплюс, Майкл Левитт  және Ари Уоршел. Бұл туралы корольдік швед ғылым академиясы хабарлап отыр.

Нобель комитетінің айтуынша, биылғы сыйлықтың лауреаттары химиялық процестерді түсіну мен оларды болжауға қолданылатын аса қуатты компьютерлік бағдарламалардың жұмыс жасауын жаңа сатыға шығарғандығы үшін марапатталып отыр. Карплюс, Левитт және Уоршелдің кванттық химияға негізделген еңбектері тірі жасуша құрылымы мен олардың қызметін анықтауда, сонымен қатар жаңа дәрі-дәрмек жасау өнідірісінде аса маңызды.

Бүгін Нобель комитеті аталған ғалымдарды жеңімпаз деп таныған бойда оларға телефон арықылы хабарласқан болатын. Сол кезде лауреаттардың бірі Ари Уоршел өз жаңалығын былай деп түсіндірді: «Қысқа ғана қайыратын болсам, біз компьютерді ақуыздың құрылымын өз «қолына» алып, одан соң олардың қызметтерін анықтауға мүмкіндік беретін әдісті жасадық. Мысалы сізде тағамды езіп пісіретін фермент бар делік. Ал сіз оның қалай жұмыс жасайтынын көргіңіз келеді. Менің әдісім де осындай сияқты».   

Сонымен Нобель сыйлығының жеңімпаздарын 10 желтоқсанда (аталған сыйлықты ойлап табушы Альфред Нобельдің (1833-1896) қайтыс болған күні) Швеция астанасы Стокгольмде арнайы кеш барысында марапаттайды.

Ертең де Нобель апталығы жалғасын табатын болады. Бейсенбі күні Нобель комитеті биылғы жылдың әдебиет саласындағы ең үздік ақын немесе жазушысын анықтайды.

Айта кетейік, биыл 2013 жылғы Нобель сыйлығының жеңімпаздарына берілетін жүлде қоры 8 миллион швед кронасын құрап отыр (1,2 миллион АҚШ доллары).   

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: ridus.ru

Б. Қосмағамбет