Талантты музыкант Моцартты өлтірген кім?

Талантты музыкант Моцартты өлтірген кім?

Таудай тұлғалардың өмірінің аяқ жағы тауқіметке толы болады. Жұрт түсінуден қалады, аштық орнайды, ашынады, асығады... Музыкаға өшпес ізін қалдырып кеткен Моцарт өлімінің әлі күнге құпиясы ашылмауда. Кім өлтірген? Ұзында өші, қысқада кегі жоқ жанның отыздың орда бұзар жасында о дүниелік болып кеткені таңғалдырары анық. Таңдаулы деректерге көз жүгіртер болсақ, композитор туралы әрқилы болжамдар кездеседі. Солардың ішіндегі көңілге ең қонымдысы, ұлы тұлғаны у беріп өлтіргені туралы сыбыс. Өйткені, Бетховен дүниеден озғаннан кейін, естелігінде былай деп жазылып қалған жолдар бар: «Орда музыканты Сальеридің өлер шағы таяды, бірақ, әлі жан үзе қойған жоқ, ол Моцартқа у беріп өлтіргенін амалсыздан мойындады».

Тарихи материалдарда жазуынша, қатты қалжырау мен тауқыметті жоқшылық Моцарттың түбіне жеткен бірден бір себеп делінеді. Оның адамзатқа қалдырған ең соңғы таңдаулы операсы - «Сырлы сыбызғы». Ол Моцарттың жадау күн кешіп, тағдыр тауқыметін тартқан мезгілде жазылған, оның үстіне бұл туындысы өнерпаздың жүрек қанын сарқып біткен. Оны ауруы меңдеп жүрген кезде бір бейтаныс адам іздеп келіп, «жаназа жырын жазуды» тапсырып әрі межелі уақытта бітуін ескертеді. Негізінен алғанда бұл сырлы міндет жақсылықтың нышаны емес еді. Оның өзі де мұның белгі екенін сезгендей болады.

Моцарт кезінде бір досына осы «жаназа жырын» өзіне арнап жазғанын айтқан. Айтып-айтпай, дүниеде теңдесі жоқ осы талант иесі, расында да «жаназа жырын» жазып болып көп өтпей қайтыс болады. Моцарт қайтыс болғаннан кейін оның сүйегі Сан Маркостағы кедейлер зиратына жерленеді. Оның құлпытасына: «қабыну сипатты ревматизм қызбасынан қаза болды» деп жазылған.

Берлиннен шығатын «музыка жаңалықтары» газеті Моцарт жерленіп болғаннан соң бір аптадан кейін «Моцарттың денесінде уланып өлген адам денесіне ұқсас көлкілдеген ісік бар» деген хабар таратты. Дүниеде тағы бір музыка алыбы Бетховен дүниеден озғаннан кейін оның естелігінде: «Орда музыканты Сальеридің өлер шағы таяды, бірақ, әлі жан үзе қойған жоқ, ол Моцартқа у беріп өлтіргенін амалсыздан мойындады» деп жазылады. Осы бір ауыз сөз жұрт назарын өзіне аударып, мынадай болжамдар жасауға әкеп соқты:

  1. Венадағы орда мансаптысы Фран Хобдемел, оның әйелі Моцарпен өте жақын қарым-қатынаста болған, кезінде ол Моцартты өлтіремін деп даурыққан...
  2. Бетховен естелігіндегі аты аталған орда музыканты Антония Сальери Моцарттың талантына ерекше іші күйіп, қызғанатын болған. Осы қызғаныштың салдарынан у беріп өлтіруі де мүмкін...
  3. Әу бастан «байлығына» тамсанып, сілекейі шұбырып келген Зивсмайрдан күмәнданады...
  4. «Моцартта ерекше жікшілдік көзқарас бар» деп күмәнданып келген «жәрдемшілер қоғамы» деп аталатын құпия ұйым қастандықпен өлтіруі...

Осы тізілгендердің бәрі күмәнді адамдар.

Бірақ осылардың ішінен біреуін «қандықол» деп кесіп айтып, бұлтартпай дәлелдей алатын сенімді дерек жоқ.

Алайда қазір Моцарттың ауру себебінен өлгенін дәлелдейтін қыруар деректер табылды. Зальцбург университетінің тасқа айналған қалдықтарды зерттейтін биология мамандары Моцарттың бас сүйегін сараптап тексергеннен  кейін, оның бас сүйегі мен физиология ерекшелігі өте сәйкес келетін болып шыққан. Бас сүйекте төбеден құлақ шекеге қарай созылған ұзындығы жеті сантиметр жарық бар. Мұндай жарық әдетте бір жылда бітеді. Бәлкім, Моцарттың қыршын кетуінің себебі осы жарақат болар... Моцартқа өшіккен соншалықты «қандықол» кім?!

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Сурет: people.su

Л. Лига