Елімізде жаңа мектеп ашылды

Елімізде жаңа мектеп ашылды

Конституция күні қарсаңында 720 оқушыға арналған «Назарбаев интеллектуалдық мектебі» ашылды. Мерекелік шараға Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын, «Назарбаев интеллектуалдық мектебінің» басқарушы орынбасары Шамшидинова Күләш және бір топ мұғалімдер ұжымы қатысты, деп хабарлайды sim.kz.

Жоғары деңгейдегі 12 мектептің қатарына қосылған павлодарлық мектеп химия-биологиялық бағытта білім береді. Күләш Шамшидинованың айтуынша, Павлодар аймағы тек өнеркәсібі мен энергиясының арқасында көзге түспейді, мұнымен қатар жоғары деңгейде білім беру жүйесімен де ерекше. Ал жаңа мектеп мықты мамандар дайындап, ауыл шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді.

Бұл жерде расымен де талпынысы зор балалар білім алатын болады: 7-10 сыныптарға қабылдану үшін 2400 үміткер қатысып, нәтижесінде 639 оқушы «Өркен» грантының иегері атанды. 7 сыныпқа қабылдау конкурстары Cito және Джонс Хопкинс жастар ЖОО-ның педагогикалық өлшемдеріне сәйкес өтті.

Тек оқушылар емес, жұмысқа қабылданбас бұрын, ұстаздардың да біліктілігі тексерілді. Бастапқыда жұмысқа өтініш білдірген 400 маманның 92-сін комиссия мүшелері білікті деп тапқан. 4 маман бір жыл бойы «Назарбаев университетінде» дайындық курстарынан өткен. Ал 59-ы III дәрежедегі біліктілікті арттыру курстарына қатысқан.

Мектеп 3 блоктан құралған: білім алу, тілдерді меңгеру және жатын бөлмелері. Сынып бөлмелерінде үлкенді-кішілі өндіріс орындарының макеттері орналасқан. Мұнда тек білім алып қана қоймай, тұлға болып қалыптасуға көптеген мүмкіндіктер жасалған. Мысалы, тікелей эфирде бағдарламаңды жүргізуге болатын жеке студия, өз қолыңмен роботтық техникаларды жасауға арналған бөлме, өсімдіктің түр-түрі өсетін жылыжай бар.

Асхана бір уақытта жүз оқушыны қабылдай алады, ал жатын бөлмелерге ауылдық жерлерден келетін 120 оқушыға орын бар. 

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: sim.kz

Қ. Бүйенбай