Лох-Несс құбыжығы тағы да бой көрсетті

Лох-Несс құбыжығы тағы да бой көрсетті

Атақты құбыжықты аңдумен өмірінің 30 жылын өткізген британдық аңшы өзінің түсірген кезекті бір суретін жариялады. Ол бұл сурет арқылы Лох-Несстік құбыжықты (Несси атымен танымал) өз көзімен көріп, шын мәнінде оны суретке түсіргендігін дәлелдемекші. Джордж Эдвардс жастайынан Шотландиядағы осы бір атақты көлдің жағасында өмір сүріп келеді. Ол аптасына 60 сағаттай уақытын «Несси IV» атты қайығы арқылы туристерді қыдыртумен өткізеді. Сондай-ақ Джордж әлі күнге дейін белгісіз құбыжықты іздестіруге арналған көптеген экспедицияларға қатысып, оларға басшылық етіп келеді.

Сонымен Нессиді аңдушы британдық жариялаған фотода түсініксіз өркеші бар құбыжық өзеннің жағасындағы Аркарт қамалына қарама-қарсы көл суында жүзіп бара жатқандағы бейнесі көрсетілген. Куәгердің сөзіне сенсек, Несси қайықтан бір шақырымдай жерден көзге түсіп, өте баяу жүзіп өткен көрінеді.  

60 жасар аңшы жүзіп бара жатқан құбыжықты 5-10 минуттай бақылай алған екен. Кейін ол су астына сүңгіп ғайып болған. Аңшы одан соң қанша уақыт күтсе де, ол су бетінен көрінбеген. Ал Джордж болса бастысы көп жылдан бері іздеп келген нәрсемді таптым деп мәз. Жалпы осы күнге дейін көптеген адамдар Шотландиядағы Лох-Несс көлінен ғылымға белгісіз, алып құбыжықты көргендіктерін әр кез айтып келеді. Жазбаларда ең бірінші куәгер оны біздің заманымыздың 565 жылы көргендігі айтылады. Сол уақыттан бері оны көлден бірнеше мың адам көріп үлгерген. Тіпті талай рет құбыжық кескінделген фотолар да жарияланды. Әйткенмен де сарапшылар кейін олардың барлығы да қолдан жасалғандығын анықтап берді. Одан бөлек, Лох-Несс көліне Нессиді табуды мақсат етіп құрамына атақты ғалымдар кірген бірнеше экспедициялар да ұйымдастырылды. Бірақ бәрі нәтижесіз аяқталып отырды. 

1

Нессидің алғашқы фотосы. 1934 жыл

Мына жерде 2009 жылдың жаз айында Google Earth картасын мұқият қарап отырып британдық әуесқойдың Несси құбыжығын "тауып алған" жері көрсетілген. 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: bigmir.net

Б. Қосмағамбет