"DALF" деген не?

"DALF" деген не?

Француз тілін білу деңгейін тексеретін DALF тесті шетел талапкерлерінің француз тілінде сөйлейтін елдердің жоғары оқу орнына түсу кезінде тапсыратын жалғыз емтиханы, себебі олардың көбінде түсу емтиханы жоқ, тек құжат тапсыру ғана бар. Дей тұрғанмен, оқуға түсу өтініштерін қарау кезінде DALF маңызды рөл атқарады – конкурс кезінде осы тесттен жоғары балл жинағандарды ғана қабылдап жатады. Соған байланысты француз тілді елдерге оқуға түсуді қалайтын талапкерлерге көмек ретінде пайдалы ақпараттар мен кеңестерді ұсынамыз.

"DALF" деген не? 

DALF (Diplôme approfondi de langue française) – француз тілін жетік білетіндігі жайлы диплом. Бұл тест екі деңгейлі болады: С1 және С2. Екіншісі қиынырақ, бірақ ол ешқандай жерде талап етілмейді. ЖОО-ға түсу кезінде, тағылымдамадан өтуде немесе жұмысқа тұру кезінде DALF C1 қажет. Емтихан нәтижелері өмір бойына жарамды. Нәтижені жақсартуға, яғни балл санын ұлғайтуға болмайды. Тестті қайта тапсыруға болады, тек егер бұған дейін өту балын бағындыра алмай қалған жағдайда.

Қалай тапсыруға болады?

DALF төрт бөлімнен тұрады: жазбаша мәтінді түсіну (Compréhension écrite), тыңдау (Compréhension Orale), эссе (Production écrite) және сұхбаттасу (Production Orale). Осы бөлімдердің көмегімен адамның тілді қаншалықты білетіні мен сөйлесе алатындығы анықталады.

Compréhension écrite бөлімінде көлемі 1500-2000 сөз болатын мәтіндерді оқып шығу қажет – ол журналистік мақала да, әдеби шығарманың үзіндісі де болуы мүмкін. Содан соң негізгі тақырыпты, автор ойын, тұрақты тіркестерді қаншалықты түсінгеніңізге байланысты он шақты сұраққа жауап бересіз. Тапсырманы орындауға 50 минут уақыт беріледі.

Compréhension Orale екі бөлімнен тұрады. Емтихан тапсырушыларға екі рет 6-10 минуттан тұратын ұзақ сұхбат, радио бағдарлама немесе дәріс тыңдауға мүмкіндік беріледі. Сосын олар он шақты сұраққа жауап береді. Осыдан соң үміткерлер бірнеше қысқа үзінді (жарнама / жаңалық / статистика) тыңдайды. Оны тек бір-ақ рет тыңдайды. Бұл бөлім жалпы 40 минутқа жалғасады.

Production écrite те екі бөлімнен тұрады. Бірінші берілген мәтін немесе сурет негізінде синтез жазу қажет. Мұнда ең бастысы автор идеясын көрсету және өз ойыңды қоспау. Бұл тапсырмада ақпаратты объективті түрде жеткізу, түрлі құжаттарды байланыстыра білу қабілеті тексеріледі. Содан соң үміткер эссе жазады. Шығарма жазу формасы әдетте белгілі болады: ресми хат жазу не болмаса дәлел келтірілген эссе. Үміткер тапсырманы формаға сәйкес жазып, қажетті сөз мөлшеріне жеткізуі керек. Эссені тексерушілер лексикаға, грамматикаға, пунктуация мен орфографияға аса қатты мән береді. Барлық тапсырмаға 2,5 сағат беріледі.

Production Orale бөлімінде уақыттың көп бөлігін дайындық алады – бір сағат, ал сұхбаттасуға 30 минут. Үміткерге бірнеше құжат (мәтін мен сурет) беріледі. Оны емтихан тапсырушы мазмұндаудың барлық ережесіне сәйкес етіп баяндап беруі қажет: кіріспе – сюжеттің дамуы, тақырыпқа байланысты өз ойы – қорытынды. Әңгімелеу 10-15 минутқа созылуы тиіс, содан кейін қазылар бірнеше сұрақ қояды.

Емтихан жылына екі рет желтоқсан және мамыр айларында, Астана мен Алматы қалаларында өтеді.

Балл қалай саналады?

Төрт бөлімнің әрқайсысына қойылатын максималды балл саны – 25. DALF дипломын иелену үшін кемінде 50 балл жинауы керек. Бір ескерте кететіні, егер үміткер бөлімдердің біреуінен 10 балдан кем алса, онда емтихан есепке алынбайды.

Дайындыққа керекті материалдар:

InFrance.ru сайтында тест мысалдары

«Réussir le DALF C1 — C2» оқулығының электронды нұсқасы

DALF-қа дайындалуға қажетті жаттығулар

Чехиялық Alliance Française сайтында тест мысалдары

Centre international d’etudes pédagogiques сайтында тест мысалдары

Миландық  Institut français сайтында тест мысалдары

Radio France Internationale, тыңдау бөліміне дайындалуға арналған ресурс

DELF пен DALF жайлы швед сайтында тест мысалдары

Кеңес

Кез келген тест секілді "DALF" тапсыру кезінде тіл білу деңгейі ғана емес, сонымен қатар дәл сол тестке қаншалықты дайындалғаның да маңызды рөл атқарады.

Ең бастысы емтихан берілетін уақыт ішінде барлық тапсырмаларды орындап шығуға машықтану қажет. Эссеге 2,5 сағат берілгенімен, оны бірнеше рет тексеріп, таза параққа көшіріп шығу үшін эссені бір сағат ішінде жазып шығу керек. Егер уақытты қалай тиімді жұмсау керектігін түсінгіңіз келсе, алдымен DELF тапсырып көріңіз. Мұның бір артықшылығы, сіз бұдан былай емтиханның қалай өтетіндігінен хабардар боласыз.

Егер нақты бір бөлімдер жайлы айтар болсақ, ең оңайы, әрине, оқу - Compréhension écrite. Берілген мәтіндерді зейін салып оқу керек. Сонымен қатар, жауапты бірнеше сөзбен ғана емес, толық сөйлем ретінде жазу керек.

Эссе (Production écrite) әдеттегі схема бойынша құрылады: тезис-антитезис-синтез. Кіріспеде мәселені көрсетесіз, ал қорытындыда оның шешімін жазасыз. Эссеге қыстырма сөздерді жаттап алған дұрыс, олар әрдайым қажетке жарайды.

Емтиханда ең қиын бөлім – тыңдау (Compréhension Orale). Бұл бөлімде қандай да бір әдіс, қулық ойлап табу мүмкін емес – тек француз тілінде көп тыңдау қажет. Мәселен, подкасттар, музыка, жаңалық, фильм көріңіз. Уақыт өте біртіндеп французша ойлай бастағаныңызды сезесіз.

Көбісі соңғы тапсырма - Production Orale-ден қауіптеніп жатады. Бірақ кез келген сұхбаттасу секілді әсерлілік пен сенімділік басты рөл атқарады.

Жалпы DALF-ты тапсыру үшін тілді жетік білу міндетті емес. Бастысы жақсылап дайындалып, көп оқып, тынымсыз француз тілінде эссе жазып, сөз жаттасаңыз жеткілікті.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: univ-orel.ru

Ж. FM