Қарға құсы - Тәңірдің елшісі

Қарға құсы - Тәңірдің елшісі

Бала кезден қалыптасқан бір әдет бар еді. Қарға ұшып бара жатса, отыра қалушы едік қой. Отырмаған бала екі алады-мыс. Осының бәрі жинақталып келіп, үлкен бір ұғым тудыратын. Алайда, қарлығаш пен аққудың тасасында барлық құстарды қалдыра беруші едік қой. Әсіресе, қарғаны.

Әрісі Алтай мен берісі қазақ халқының наным-сенімі мен салт-дәстүрінде қарғаны кие тұту, тотем деп санау күні бүгінге дейін сақталған. Осы тұрғыда қарға тотемі сөз болғанда, уақыт пен кеңістікке қатысты байырғы таным-түсініктер бірінші кезекте назар аудартады. Соның ішінде қарға құсы туралы не білеміз? Күнделікті тірліктің өзінде қарға туралы ой-пікіріміз қандай? Сол турасында әңгіме өрбітсек.

Тарихи-салыстармалы тәсіл тұрғысынан алтай тілдік тобындағы халықтар арасында ең байырғы тотемнің қарға екенін байқауға болады. Этнография ғылымының негізін салушы америкалық әйгілі ғалым Л.Г.Морган өзінің «Байырғы қоғам» атты еңбегінде үндістердің тотемі ретінде қасқыр, жолбарыс, аю, бұғы, қабылан, балық, сұңқар, құтан сияқты аң-құстардың санатында қарғаны да атайды. Солтүстік Америкадағы тлинкит, атапаск тайпаларында «ел» деген сөздің баламасы «қарға» екен. Олар қарғаны жарық нұр мен тұщы суды, қара жерді, қызулы отты, т.б. игіліктерді жаратушы деп есептеп, жақсылықтың нышаны ретінде кие тұтқан.

Азиялық Сібірді тұрақ ететін халықтарда, олардың наным-сенімінде қарғаны күні бүгінге дейін кие тұтады. Сахалардың қаңғалас тайпасының және шор тайпаларының ішінде қарға руы бар. Қазақ арасындағы  керей руы атауының «қара», «қарға» сөздерімен тамырласы жөнінде Рашид ад-Дин, Г.Н.Потанин еңбектерінде генеологиялық аңыздар келтірілген.

Қарғаның қадір-қасиетіне қатысты деректер генеологиялық аңыздармен ғана шектелмейді. Манжұрлардың арасында қағанды өлімнен құтқарған қарға туралы аңыз бар. Бұйраттардың (бурят) наным-сенімі бойынша, құдіреті күшті Гучин-Гурбу-Гурбстен-ханның құрметіне шалған құрбандық малының етінен үш қарға шоқыса, аруақ риза болады екен. Ал мама ағаштың басына қарға қонса, аттары жүйрік болады-мыс. Бұл монғолдар түсінігі мен кие тұтудағы сенімі.

Осы іспетті мысалдарды түркі-монғол фольклоры мен этнографиясынан көптеп келтіруге болады. Ұшқанда қанатынан күн тұтылатын қарға, адам жегішке қарсы тұратын қарға, батыр бейнесіне енген қарға, мәңгілік өмір мен дәулеттің иесі қарға, өлілер дүниесінің әміршісі қарға т.б. түрінде айтылатын миф-аңыз мотивтері жиі ұшырасады.

Форумда талқылау

Суреттер: new.goosiam.com 

Л. Лига