Түркияның жатақханасы қандай?

Түркияның жатақханасы қандай?

Қайырлы күн, Mассагет порталының оқырмандары. Бүгін назарларыңызға Түркияның Анкара қаласындағы Таһсин Бангуоғылы (Tahsin Banguoğlu Yurdu) жатақханасынан фоторепортаж ұсынамыз. 

Таһсин Бангуоғылы жатақханасы 1990 жылы салынған. Бұл есім түрік тіл білімін зерттеуші, саясаткер Хасан Таһсин Бангуоғылының құрметіне берілген. Кампус төрт бөліктен тұрады (А, Б, С, Д жатақханалары). Түркияда қыздар мен ұлдардың жатақханалары бөлек орналасқан. Ұлдарға арналған бұл жатақханада әлемнің әр түкпірінен келген бірнеше мың студент өмір сүріп жатыр. 

Жатақхана басшылығы:

Ауладағы демалыс орындары:

Футбол алаңы:

Баскетбол алаңы:

Бильярд бөлмесі:

Үстел теннисі бөлмесі:

Бұдан басқа шаштараз, кір жуу орталығы, киім тігу шеберханасы, интернет орталығы, жаттығу залы жұмыс жасайды.

Бір қызығы, жатақханаға кіріп-шығу, тамақ ішу саусақ арқылы жүзеге асады. Алдымен жатақханаға орналасқан студенттің сұқ саусағының көшірмесі алынып, арнайы жүйеге енгізіледі. Студент сыртқа шыққанда немесе ішке кіргенде төмендегі суретте көрсетілген құрылғыны басып жүруге міндетті. Бұл құрылғы әр жатақхананың сыртқа шығар есігінің жанына және ауладан шығар қақпаға қойылған. 

Құрылғыға саусағыңды қойған кезде экранға аты-жөнің, суретің шығады.

Дәліз:

Оқу залы:

Жуыну бөлмесі. Ыстық су мен салқын су 24 сағат бойы қосулы тұрады.

Әр бөлмеге алты кісіге арналып кереуеттер қойылған. Бәрі де екі қабатты болып келеді. Әр адамға жеке шкаф беріледі. Сондай-ақ, әр бөлменің жеке тоңазытқышы бар. Бөлмені кезекші кіші қызметкерлер тазалайды. Жатақхана тегін интернетпен толықтай қамтамасыз етілген. 

Жатақхана тұрғындары айына 120 лира (10 мың екі жүз теңге) көлемінде ақша төлейді. Сол ақшаның есебінен күніне екі мезгіл тегін тамақ ішуге мүмкіндік берілген. Таңғы ас кезінде үш лира көлемінде тегін тамақ алуға болады. Одан асып кетсе өз қалтаңнан төлеуге тура келеді. Тегін тамақ ішу үшін сұқ саусақты құрылғыға тигізу қажет.

Кешкі ас кезінде бес лира көлемінде тегін тамақ ішуге болады. Бұл кезде де таңғы астағы жағдай қайталанады.

Өздеріңіз көріп-байқағандарыңыздай Таһсин Бангуоғылы жатақханасында студенттер үшін барлық жағдай қарастырылған. Енді жастар тек қана сапалы білім алып, ел игілігі үшін лайықты еңбек етсе болғаны!

Арнайы Массагет үшін Анкарадан: Шерхан Талапұлы

Суреттерді түсірген: Шерхан Талапұлы

Ш. Талап