Корея университетіне қалай түсуге болады?

Корея университетіне қалай түсуге болады?

Жарты ғасыр бұрын кедей елдердің қатарына жатқан Оңтүстік Корея қазір IT саласының даму жөнінен АҚШ-ты басып озды. Әрине, елдегі білім жүйесінің, жастардың күні-түні оқуының жемісі. Осынау Корей елінде сапалы білім алып, елімізге қызмет етуді қаласаңыз, төмендегі ақпараттарға бір көз жүгіртіп шыққаныңыз жөн.

Ол үшін не істеу қажет?

1. Алдымен арызды қабылдау мерзімін біліп алыңыз. Қысқасы, сізге қажетті барлық датаны (емтихан уақытын, оқу жылына төленетін ақша мөлшерін, қабылдау аяқталатын күнді) білгеніңіз абзал. Мұның барлығын университет сайтының “Admission” немесе «입학» деген бөлімінен біле аласыз.

Елдегі ең беделді университет - Сеул Ұлттық Университеті. Бұл оқу ордасы бүкіл әлем бойынша 24-орында.

2. Бұдан кейін сіз оқуға түсуге қажетті қандай құжаттар керек екенін анықтап алыңыз. Барлық университет бірдей құжаттарды сұрамайды. Бұл ақпаратты да университеттің сайтынан ала аласыз. Егер таппасаңыз, Кореяда ғаламтор кеңінен қолданылатындықтан, университеттен e-mail арқылы немесе әлеуметтік желілер арқылы сұрап біле аласыз. Олар сізге анық ақпарат береді. 

Екінші орында - KAIST Университеті

3. Қандай құжаттар керек екенін біліп алған соң, құжаттарды тапсырмас бұрын 2-3 ай емтиханға жақсылап дайындалыңыз. 
4. Құжаттарды тапсырған соң, сіздің электронды почтаңызға ары қарай не істеу керек екенін университет жазып жібереді. Сондай-ақ жатақхана, білім жүйесіне қатысты сұрақтарыңыз болса, олар міндетті түрде жауабын береді.
Құжаттарыңыз қабылданған соң, сіз Кореяға корей тілінен міндетті түрде тест тапсыруға барасыз. 

1939 жылы құрылған Ханяң Университеті - үшінші орында 

Кореялық университеттерде сұрайтын құжаттар:
1. Толық орта білім алғаны туралы аттестат. Бұл аттестатты оқыған мектебіңіз оқу аяқталғанда береді.
2. Шетелдік төлқұжат (загранпаспорт) көшірмесі, сондай-ақ кейбір университеттер туу туралы куәліктің көшірмесін сұрайды.
3. 3х4 суреттің 4 данасы.
4. Анкета (анкетаны университет береді, анкетада сіз мекенжайыңызды, туылған жылыңызды т.б. мәліметтерді көрсетесіз).

5. Мотивациялық хат немесе оқу жоспарыңызды жазып жібересіз. 
6. Корей тілін меңгергеніңіз туралы сертификат (TOPIK), сіздің тіл білуіңіз төртінші дәрежеден төмен болмауы керек. Ал белді университеттер сізден ағылшын тілінен TOEFL сертификатын да сұрайды.
7. Шотта кемінде 1000-1300 АҚШ доллары бар банк карточкасының көшірмесі. Бұл - егер оқуға түссеңіз расында Кореяда оқитыныңызға кепілдік болып саналады. 

Сіздің тапсыратын барлық құжатыңыз ағылшын тіліне немесе корей тіліне аударылуы керек. Іске сәт! 

Дайындаған: Маулен Орынбасар

Сурет: 4gress.com, panoramio.com, 2011.igem.org

Y. Smaghul