"Қазақстанда да Билл Гейтстер бар"

"Қазақстанда да Билл Гейтстер бар"

Еліміздің президенті Нұрсұлтан Назарбаев билікті дарынды әрі жаңашыл жастарды тауып, оларды қолдауға шақырды, деп хабарлайды «Новости Казахстана» агенттігі.

«Егер Билл Гейтс бізде болса, инновация болар еді. Біз осындай адамдарды табуымыз керек. Мұндай адамдар бізде де бар, бірақ оларға деген қолдау жоқ. «Байларды қызғанады, ақылдыларды сүймейді, ал дарындыларды өлтіреді» деген сөз бар. Бұл сөз осы күнге дейін мәнін жоғалтпай келеді. Дарындыларды тауып, қолдау көрсету оңай шаруа емес. Десе де, біздің биліктің бұл жұмысты атқаруға шамасы келеді. Осы іспен айналысса құба-құп» - деді президент.  

Сонымен қатар, елбасы еңбек ресурсының сапасын жақсарту қажет деді. Ал ол үшін жоғары оқу орындары мен техникалық білім беру мекемелерінің білім беру бағдарламасын жаңарту керектігін айтты.

Индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы аясында сөйлеген президент батыстағы әр адамның еңбек өнімі – 170 мың долларға тең екенін, ал елімізде мұндай көрсеткішке жету үшін білімді жастар жұмыс жасауы керектігін ескертті.

Ендігі кезекте елімізде 100 үздік инновация болуы керектігі де президент тарапынан қойылған тапсырма болды.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: inform.kz

А. Құлтай