Назарбаев университетінде шәкіртақының қандай түрлері бар?

Назарбаев университетінде шәкіртақының қандай түрлері бар?
Фото: baltimoreschild.com

"Жұлдыз FM" радиосындағы "Назарбаев университетіне бір сұрақ" айдарында "Студенттерге оқу үлгерімі үшін берілетін шәкіртақыдан басқа шәкіртақы түрі бар ма және материалдық жағдайы төмен студенттерге қандай қолдау шаралары қарастырылған" деген сұраққа Назарбаев университеті Bursar’s Office бөлімінің жетекші менеджері Айсұлу Түктібаева жауап берді.

"Назарбаев университетінде шәкіртақымен қамтасыз етудің мақсаты – университеттің дарынды студенттерін ғылыми зерттеу және оқу-танымдық қызметтерге ынталандыру. Білім алушыларға әлеуметтік, материалдық көмек көрсету, сондай-ақ, оқу кезеңіндегі шығындарды ішінара өтеу үшін көмектесеміз. 

Әрине, шәкіртақы алу үшін студенттердің оқу үлгерімі қойылған талаптарға сай болуы қажет. Негізгі шәкіртақыдан басқа оқу үлгерімі емхитан және сессия нәтижесі бойынша GPA 3.67 ұпайдан жоғары болуы керек, Назарбаев университетінде бакалавр бойынша білім алатын студенттер тағайындаған 15%-ға ұлғайтылған шәкіртақы ала алады.

Үшінші курстың үздік оқитын бакалав студенттеріне бір академиялық кезеңге президент шәкіртақысы тағайындалады. Сонымен бірге Назарбаев университеті президентінің шәкіртақысын алу үшін студенттер ғылыми, академиялық салаларда командалық нәтиже көрсетуі қажет.

Әлеуметтік жағдайы төмен студенттер білім беру грантын иелене алмаған жағдайда оқу ақысына 100% жеңілдік қарастырылған. Мысалы, көпбалалы отбасынан шыққан студенттер, ата-анасы мүгедек болса 90%, ал жетім балалар мен мүгедек студенттер 100%  жеңілдікке ие бола алады. 

Қабылдау комиссиясының шешімі бойынша әлеуметтік жағдайы төмен студенттер Ыбырай Алтынсарин атындағы грантын ала алады. Ол үшін бірнеше талаптар қарастырылған: жетім балалар немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, І, ІІ және ІІІ топ мүгедектігі бар, көп балалы отбасынан шыққан, сондай-ақ, ата-анасының бірі немесе екеуі І, ІІ және ІІІ топ мүгедегі саналатын студент болуы қажет", - дейді Айсұлу Түктібаева.

А. Рысдәулет