Жемқорлық деңгейі жоғары Қазақстандағы Топ 5 университет

Жемқорлық деңгейі жоғары Қазақстандағы Топ 5 университет
Фото: informburo.kz

«Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек «Таза сессия» жалпыхалықтық акциясының қорытындысын жария етті. Студенттер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сәйкес Қазақстандағы жемқорлық көрсеткіші жоғары университетерді атады.

«Jas Otan» белсенділері Қазақстанның барлық аймағындағы 15 мыңға жуық студент арасында анонимді сауалнама жүргізген. Студенттердің 12,8% жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық бар деп көрсеткен. Демек, сауалнамаға қатысқан әрбір сегізінші студент білім ордаларында сыбайлас жемқорлықтың бар екендігін растап тұр және әрбір он екінші студент өзінің пара бергенін мойындайды. Студенттердің айтуынша, ЖОО-дағы емтихан кезінде, диссертация қорғағаннан кейін дастархан жаю және сыйлық беру «дәстүрге» айналған.

Сауалнама нәтижесі бойынша құрылған Қазақстандағы жемқорлық көрсеткіші жоғары университеттер тізімі мынадай:

1) Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті; 

2) Атырау мұнай газ университеті; 

3) Қарағанды мемлекеттік медициналық университет;

4) М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті;  

5) Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті.

Тізімдегі университтеттерде жемқорлық оқиғаларының жиі болуына не түрткі болатынын Дәулет Кәрібек айтты.

«Сауалнаманың нәтижесінде, студенттер оқу орындарындағы жемқорлықты тудыратын себептер ретінде мыналарды атады: профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысының төмендігі, студенттерде өз бетінше білім алуға деген қызығушылықтың болмауы, мұғалімдердің де, студенттердің де жүктемесінің көптігі, жатақханаларда орындардың болмауы» - деді «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы.

Қоғамдық кеңес төрағасы Омархан Өксікбаев Білім және ғылым министрлігіне, жоғары оқу орындарының ректорларына университеттердегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жан-жақты әлеуметтік зерттеу жүргізіп, сол зерттеулер негізінде сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша жоғары оқу орындарының қоғамдық рейтингін енгізу қажет екенін айтты.

«Жоғары білім беру жүйесінің жемқорлыққа неғұрлым бейім екені бәріңізге белгілі. Сондықтан, жастардың бойына адалдық, сыбайлас жемқорлыққа төзбеу қағидаттарын сіңіре отырып, халық арасында алдын алу жұмыстар жүргізуге баса назар аудару қажет», деді Омархан Өксікбаев.

А. Қажиев