Жібек жолы жастары арасындағы мәдени алмасуды көздейтін халықаралық іс-шара өткізілді

Жібек жолы жастары арасындағы мәдени алмасуды көздейтін халықаралық іс-шара өткізілді
Фото: Назарбаев Университеті

5-7 қыркүйек күндері Назарбаев Университетінде "Жібек жолы энергиясы – XXI ғасырда Жібек жолы жастары арасындағы ынтымақтастық және мәдени алмасу" атты халықаралық іс-шара өткізілді.

Іс-шара Орталық Азия елдерінің жастарына бағытталған "Бір белдік, бір жол" бастамасының бес жылдық мерейтойына орай Қытай мен China Intercontinental Communication Center орталығы, сондай-ақ, отандық және шетелдік мекемелермен бірлесіп ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – қазіргі заманғы энергетикалық Қытайды көрсету, Орталық Азия елдерінің жастары арасында тиімді қарым-қатынас пен мәдени алмасу алаңын құру, жастармен халықаралық байланыс орнату және «Бір белдік, бір жол» бастамасын терең ұғыну, достық ынтымақтастықтың негізін қалау.

Жиын негізгі 4 бөлімнен тұрды, олар: «Жібек жолы энергиясы – XXI ғасырда Жібек жолы жастары арасындағы ынтымақтастық және мәдени алмасу» атты конференция, Назарбаев Университеті және Қытай Халықтық университеті, Пекин педагогикалық университеті, Қытай коммуникация университеті, Пекин шет тілдер университеті студенттерінің қатысуымен өткен «Өмірлік қуатқа толы Жібек жолы – жастар ынтымақтастығы» атты дөңгелек үстел, "Жібек жолы бейнесі" көрмесінің ашылу салтанаты, Назарбаев Университетінің студенттеріне Қытай туралы фильмдер көрсету.

5 қыркүйек күні Назарбаев Университетінің Сенат залында өткен "Жібек жолы энергиясы – XXI ғасырда Жібек жолы жастары арасындағы ынтымақтастық және мәдени алмасу" конференциясына Назарбаев университетінің профессоры Адесида Илесанми, Назарбаев университетінің Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, профессор Дэниел Пью, ҚХР-ның Қазақстан Елшілігіндегі өкілі Цзяо Хуайсинь мырза, "Жас Отан" жастар қанаты төрағасы Сундетбаев Данияр, Қытайды зерттеу орталығының төрайымы Шаймергенова Гульнар Ашенқызы, ШЫҰ елдерінің жастар лигасының негізін қалаушылардың бірі Виктория Ху және басқалар қатысты.

Бұл іс-шара арқылы China Intercontinental Communication Center Орта Азия мен ШЫҰ елдерінің жастарына мәдени қарым-қатынас жасау үшін тұтас платформа құруды көздеп отыр. Сондай-ақ, "Бір белдік, бір жол" бастамасының арқасында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мәдени байланысын насихаттау және ынтымақтастық шекарасын кеңейтуді мақсат етеді.

China Intercontinental Communication Center орталығының директоры Чэнь Луцюнь мырза Назарбаев Университетінің кітапханасына және Қытайды зерттеу орталығына кітаптар мен құжаттамалық бағдарламаларды салтанатты түрде табыстады. Бұл материалдар қазақстандық студенттерге Қытай туралы және Қытайдағы бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы туралы көбірек білуге көмектеседі.

А. Оралқызы