Журналистерге арналған курс өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетіне оқуға түскелі отырған талапкерлер үшін "Журналистика негіздері"  атты арнайы курс өтті. Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы жыл сайын осы шараны қолға алып, дәстүрге айналдырып келеді. Бұл шараның  ұйымдастырушысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультеті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Сұлтанбаева Гүлмира Серікбайқызы және журналистика факультетінің студенті, "Ұлан" республикалық газетінің тілшісі Маликаждарова Алтынай Бауыржанқызы.

«Журналистика негіздері» курсы аясында талапкерлер ел алдында жүрген танымал журналистермен кездесу өткізіп, ақыл-кеңесін тыңдады. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дан білім алған, осы оқу ордасынан қанат қаққан журналистер  болашақ әріптестеріне тәжірибесін бөлісіп, әртүрлі көзқарасын ортаға салды. Солардың қатарында Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Серік Жұмабекұлы, Қанат Әуесбай, Мақсат Толықбай, Жолдас Өрісбай, Руслан Меделбек,  Айбар Олжаев секілді еңбегі елеулі, көпке мәлім журналистикада өз орнын қалыптастырған тәжірибелі мамандар бар. Университетте бірнеше жылдан бері сабақ беріп келе жатқан  оқытушылар да талапкерлерге арнайы тақырыптар бойынша дәріс оқып,  мол мағлұмат берді.

Түркия мемлекетінде осы сала бойынша оқуын жалғастырып келе жатқан  түлектер талапкерлермен кездесу өткізіп, шетел өмірі мен ондағы медиа саласы жөнінде маңызды ақпараттарды бөлісті. Талапкерлер шығармашылық емтиханға дайындық, креатив портфолио дайындау, сөйлеу өнері, жазу шеберлігі, мультимедиа дағдысы туралы ақпараттармен танысты. Курс алдағы уақытта әлі де жалғасады. Журналистикада есімі ерекше қалған тұлғаларды, шет елде білім алып жатқан өзге де университет түлектерін  арнайы кездесуге шақыру жоспарланып отыр.