Қазақстанда салалық журналистиканы дамытуға ниеттіміз – Талғат Нәрікбаев

М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті және "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қоры арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Меморандумға қол қою рәсіміне "М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті" АҚ Басқарма Төрағасы Талғат Нәрікбаев және "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қорының бас директоры Евгений Кочетов қатысты.

Университет жанынан ашылған MEDIA CLUB пен "Медиа дамыту қоры" қоры бірігіп бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жоспарларымен бөлісті.

"Медиа-клуб аясында журналистердің құқық, экономика салалары бойынша білімін арттыру мақсатында ZAN&MEDIA курсын бастадық. Қазақстанда салалық журналистиканы дамытуға ниеттіміз. "Медиа дамыту қорымен" меморандум аясында БАҚ өкілдеріне кәсіби тұрғыда өсуіне ықпал ететін шаралар өткізуге дайынбыз. Журналистер қауымына университет есігі әрқашан ашық, екі тарап бірігіп жақсы жобаларды жүзеге асырамыз деген үміттемін", - деді КАЗГЮУ Университетінің төрағасы Талғат Нәрікбаев.

Ресми шара барысында "Медиа дамыту қоры" басшысы екі жақты келісім БАҚ өкілдерін оқытуда, саланың дамуына айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.

"Медиа дамыту қоры" корпоративтік қорының басты мақсаты – медиа сала мамандарының кәсіби потенциалын айқындау және біліктілігін арттыру арқылы медиа саланың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату. Ал бүгін КАЗГЮУ университетімен жасасқан ынтымақтастық туралы меморандумымыз медиа саласы мамандарын оқытуына және бұл саланың дамуына өзіндік үлесін алып келеді деген сенімдеміз", - дейді Евгений Кочетов. 

Қазақ медиасындағы маңызды бағыт, әрі проблеманың бірі – салалық журналистика. Себебі әр сала бойынша жілігін шағып, майын ішетін мамандар аса көп емес. Сондықтан да кейінгі кездері салалық журналистиканың дамуы мен мамандар дайындау ісіне баса көңіл аударыла бастағаны қуантады.