ҚазҰУ жастарының қоғамға тигізер пайдасы көп

85 жылдық тарихы бар Әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университетінің студенті атану, осында білім алып, көрсең көзің тоймас әдемі қалашыққа табан тіреу еліміздің кез келген жастарының арманы. Бір ерекшелігі мұнда білімділікке, біліктілікке, тәрбиелілік пен қайырымдылыққа тәрбиелеу алға қойылған және ол үшін бар жағдай жасалған.

Бастысы, айтпағымыз әрбір адам үшін жақсылық жасау ең бір сауапты істердің бірі. Студенттік шақта білім алумен қатар, қоғамға өз пайдасан тигізуді мақсат тұтқан  жастар үшін қазіргі таңда мүмкіндіктер өте көп.

Осы орайда қазақ интелегенциясының альмаматері әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университетінің жанынан құрылған өзін-өзі басқару ұйымдарының ішінде, 2010 жылы ҚазҰУ еріктілерінен құрылған  «Көмек» қоғамдық қоры және Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының жанынан «Мұрагер» еріктілер қоғамы құрылып қазіргі уақытта көптеген жұмыстар атқаруда. Бұл қорлардың ең негізгі мақсаты – Алматы қаласындағы көптеген балалар үйінің тәрбиеленушілеріне  репетиторлық  жағынан  көмектесу, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу. Айта кетер болсақ, осы уақыт аралығында «Ардагер» қариялар үйі, «Жанұя» кешені, №1 балалар үйі, тағы басқаларымен тығыз байланыса отырып, көптеген қайырымды шаралар атқаруда университетіміздің студент жастары, еріктілері янбақ емес.

Бір ғана "Көмек" қоғамдық қоры сырттай сыншыға қарапайым ұйым болып көрінер. Алайда жалаң сөзден гөрі жұмысын жіктеген жарасымдырақ болар еді. "Көмек" қоғамдық қоры құрылғаннан бері қайырымдылықтың шамын өшірмей, мейірімділікті ту етіп көтеріп келеді. Мұндағы еріктілер 4 бағыт бойынша қызмет атқарады. Атап айтқанда: 1) Қоғамдық; 2) Мәдени; 3) Экологиялық; 4) Спорттық

Жоғарыдағы бағыттардың қай-қайсысы болмасын

Қоғамдық бағыт бойынша "Көмек" тікелей балалар үйімен жұмыс істеп қана қоймай, түрлі акциялар мен жәрмеңкелер өткізу арқылы талай жандарға қол ұшын созып келеді. Өмірдің дауылына шайқалып, теперіш көрген отбасыларға қолдау көрсетіп, бейқам балалықтың бақытын сезіне алмаған балалардың жүзіне күлкі ұялатуға атсалысып жүргендер – Көмектіктер. Ал мәдени бағытта талай іс-шараны ұйымдастыруда қарым-қабілеттерін қарыштатып келе жатқан ұйым мүшелерін тектен-тек ерікті атамаса керек. Олар әртүрлі концерттерде ерікті қызметін мінсіз атқарып жүр. Сауабы мол істерін айтпағанда, қоғамның тазалығы үшін саналы түрде қызмет етудің өзі патриоттыққа баулиды және экологиялық бағытқа жатады. Мәселен, жақындағана еріктілер "Citycampus" аясында ҚазҰУ қалашығын тазарту жұмыстарында ерекше белсенділік көрсетті. Ал жылулық іздеген кішкене балақайлардың арасында жыл сайын өткізілетін "Алтын доп" секілді сайыстар спорттық бағытқа саяды. Сондай-ақ жыл сайын дәстүрлі түрде балалар үйіндегі балалардың өнерін, ерекше қабілет дарындарын көрсету мақсатында «Жарқын Жұлдыз» байқауы өткізіліп келеді. Осылайша, еріктіліктің төрт бағыты бойынша жасалатын әрбір іс игілікке бастайды.

Сенбесеңіз, өзіңіз байқап көріңіз!

Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, филология факультеті,
жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының оқытушысы
П.Т. МЕДЕТБЕКОВА мен 1 курс магистранты М. СМАДИЯР