Білімнің биік мекені

Мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, арман қуған жастардың болашақта өмірден өз орнын табу мақсатында жоғарғы оқу орындарын саралап, жолдарын табуға тырысатыны сөзсіз. Ұсыныстың көптігі соншалықты жас түлек өз бетімен шешім қабылдауға қиналып, ата-анасының көмегіне жүгініп, бір шешімге келгендей болады.

Түлектің өз бағдарын адаспай тапқаны – бір кірпіштің дүниеден өзіне сай кетігін тура танығаны. Қазақстандағы самсаған ЖОО сандарының алдыңғы қатарын еңсерген, оқ бойы озық тұратын, ғылым мен білімнің қайнаған ошағы, элиталы білім ордасы – әл Фараби атындағы ҚазҰУ, іргесі ел тәуелсіздігін жарияламас бұрын, баяғы 1934 жылы қаланып, бұл күндері өзіндік дәстүрі қалыптасқан еліміздің оңтүстік астанасындағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі. 

Бүгінде ҚазҰУ әлемнің үздік 210 оқу орнының қатарында. Ал Орта Азия университеттерінің қатарында тіптен оқ бойы озып тұр. Сонымен қатар биыл ҚазҰУ еліміздің жоғары оқу орындарының ішінде тұңғыш рет QS Stars - "Төрт жұлдыз" үстемдік белгісіне ие болды.

ҚазҰУ – қала ішіндегі қалашық. Рас, кірген бетте қалағаныңыздың бәрін таба аласыз. Қара шаңырақтың қоластына жиылған жиырма мыңға жуық ізденушінің талабын тауға қарай домалатар жағдайдың барлығы да жасалған. Әрине мұны ғажайып әлем десе де болар, ең бастысы талай бала кыранның қанатын ұштап, қияға самғатқан студенттер сарайы, тарихы терінде жатқан ҚазҰУ-ды бір сәтке көз алдына елестететін жеке мұражай, заман талабына сай жабдықталған үш жүз адамдық интернет орталығы тағысын тағылар, айта берсең толып жатыр.

Ұлттық университетті таңдаушы түлектер саны да аз емес. Соның ішінде "Алтын белгі", "Ерекше аттестат" иегерлері, "Халықаралық олимпиада" жүлдегерлері, сондай-ақ елімізге жастайынан танылған таланттар білім алған, білім алып келеді. Демек сіздің таңдауыңыз осы қара шаңыраққа түссе, сіздің қателеспегеніңіз деп сеніммен а     йта аламыз. Білімге құштар, ерекше талапты, болашаққа деген мақсаты айқын жастармен иық тіресе оқығанның өзі адамды алға жетелеуге мықты мотивация!

Адам өмірінде екі таңдаудан қателеспеуі тиіс. Соның бірі мамандық таңдау екендігін ескерсек, сапалы маман даярлайтын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға түссең қателеспейсің деп сенімді түрде айта аламын!

ҚазҰУ оқытушысы
Есекеева Айнаш Акимсаловна