Жаһанды-жасанды мәдениет біз үшін емес…

Жаһанды-жасанды мәдениет біз үшін емес…
Фото: massaget.kz

Қазақ халқының, жалпы, өнерлі, дарынды, елі, халқы үшін еміреніп отыратын ұлдары жетерлік. Соның бірі ретінде Бекжан Тұрыс ағамызды атап өтуге болады. Күні кеше  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденінің иегері, талантты актер Бекжан Тұрыс ағамыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қонақ болып қайтты. Кездесуге ағамызбен тілдескісі, сырласқысы келетін жастар еліміздің әр түрлі жоғары оқу орындарынан жиналды.

«Өнердің миссиясы – ұлтқа қызмет ету» деп білетін өнер иесі өзіндік ұстанымдарымен, берік көзқарасымен, өнерге деген адалдығымен, болмысындағы қарапайымдылығымен, адамгершіліктің ақ жолын кесіп өтпес мінезімен қадірлі.

Ұлттық университеттің студенттері қатысқан жиында театр майталманы жастардың көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, өзінің өнерге деген көзқарасы турасында, қазақ телевизиясының миссиясы туралы және ұлтжанды азамат ретінде толғандырып жүрген мәселелер жайында әңгімеледі.

«Ұлым саған айтамын...» деп әңгімесін бастаған ағамыз қазіргі қоғамның тәрбиесі, ұлттың тәрбиесі қыз тәрбиесінен басталатынын атап өтті. Қазақ қыздарының кезіндегі ақ жаулықты аналарымыз мұра қылып қалдырып кеткен ибалылық пен имандылықты сақтап қалу керектігіне аса назар аудару қажеттігін жасырмады. Ұлт тәрбиесі қыз тәрбиесінен басталады, – дейді ағамыз. Дей тұрғанмен үйдегі тәрбиенін берері бөлек, қоғамның, ортаның берер тәрбиесі тағы бар деп ұл-қыз тәрбиесі жайлы ойын қорытындылады.

Тағы бір айтылған ой жаһанды-жасанды мәдениет турасында болды. Батыс мәдениеті біз үшін жат екенін түсінетін уақыт келгендігін, ұлтымыздың ар-намыс, ұят деген ұғымдарды шығыс мәдениетімен бірге қалдырып жатқандығын ащы шындық ретінде атап өтті. Осы орайда, ағамыздың ойы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Рухани жаңғыру аясында ұлттық болмыстан, ұлттық келбеттен айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіру керек деген ойымен тұспа-тұс келіп жатқандай.

Ұлттық университеттің ұстаздары алтындай уақытын бөліп келген ағамызға пайдалы әрі жастарға ой тастарлық сұхбаты үшін алғыстарын білдіріп, өз сый-сыяпаттарын тарту етті. Бұндай іс-шаралар ҚазҰУ-да болашақта да өз жалғасын табады деген ойдамыз.

Әл-Фараби ат.ҚазҰУ оқытушылары
Мәдиева Г.Б.,
Медетбекова П.Т.,
Күзембекова Ж.Ж.

Ө. Сансызбай