ҚазҰУ-ға 85 жыл толды

ҚазҰУ-ға 85 жыл толды
Фото: kaznu.kz

Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Биыл қара шаңырақ оқу ордасының құрылғанына 85 жыл толды.

1934 жылдың 15 қаңтары Қазақстандағы тұңғыш көп салалы университеттің ресми ашылған күні болып саналады. Сол күні оқытушы-профессорлар құрамы туралы бұйрыққа қол қойылып, алғашқы студенттерді қабылдау басталған.

Университет құрылғаннан күннен бастап Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріне және экономикасына зор үлес қосып келеді. Бүгінде ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналды.

Ғылыми әлеуетті дамыту – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтың бірі. Елбасының отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының алдына ғылыми әлеуетті арттыру мәселесін қойып отыр. ҚазҰУ – сапалы білім берумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келе жатқан жоғары оқу орны. 

Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессор, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 30-ға жақын Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері, 30-дан астам Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 45 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. Университетте 25 мыңнан астам студент пен көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша магистранттар білім алуда. Сондай-ақ заманауи халықаралық білім бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша әлемнің ең ірі 400-ден аса халықаралық жоғарғы оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан.

- Қазіргі кезеңде ҚазҰУ-дың басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті алға қойған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге өз үлесің қосу және әлемнің ең үздік 200 университетінің санатына ену, - дейді университет ректоры  Ғ.Мұтанов «Биік асулар жолында» атты мақаласында.

Қара шаңырақ оқу ордасы бүгінгі заман талабына жабдықталған бірден-бір оқу ордаларының бірі. Спорт, мәдениет, қоғамдық шаралар, ғылым, білім беру және инновациялық өндіріс интеграциясы бойынша алдыңғы қатарда десек қателеспейміз.

85 жылдық мерейтой қарсаңында университетте ірі-ірі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл жайында да Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Ғ.М. Мұтанов өз мақаласында айта кетті.

- Мерейтойлық жыл ҚазҰУ үшін халықаралық ауқымдағы маңызды оқиғаларға толы болмақ. 2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары деңгейдегі әлемдік үш маңызды ірі іс-шараны өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтар болсақ, «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» атты QS World Wide-2019 дүниежүзілік көрме-конференциясы, Жібек жолы университеттері желісінің Бас Ассамблеясы және Әлеуметтік жауапкершілік университеттері әлемдік желісі үшін халықаралық Workshop. Мерекелік жылда ҚазҰУ-де білім мен ғылымның барлық салалары бойынша мыңға жуық академиялық топтардың көшбасшылары, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының басшылары мен әлемнің ең танымал ғалымдары бас қосады. Бұл ҚазҰУ-дің ғана емес, сонымен қатар Қазақстан жоғары білім беру жүйесінің әлемдік биік көрсеткіші деп білеміз. Еліміздің жетекші университетінде аталмыш іс-шараларды өткізу – мемлекеттің жоғары білім берудегі халықаралық беделін, экспорттық потенциалы арттыра түсетіні сөзсіз, - дейді.

Оқу ордасындағы алғашқы мерекелік іс-шаралар басталып та кетті. 15 қаңтарда 7 мыңнан астам студент пен түлек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Мәңгілік ел қақпасы алдына жиналып, университеттің 85 жылдығына арналған флешмоб өткізді. Қатысушылар «ҚазҰУ 85» деген жазуды сап құрап жазды.

Айнұр Жаңабай
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Тарих факультетінің магистранты
ғылыми жетекші
т.ғ.к., аға оқытушы Беделова Г.С.

Н. Үсенова