Қазақстандағы ең үздік 20 жоғары оқу орнының рейтингі жарияланды

Қазақстандағы ең үздік 20 жоғары оқу орнының рейтингі жарияланды
Фото: Al-Farabi Kazakh National University, baq.kz

Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарын анықтады. Рейтингте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көш бастап тұр.

ҚР премьер-министрлігінің ресми сайты хабарлағандай, АРТА ұлттық рейтингіне енуге республиканың 75 ЖОО өтініш берген. 17 білім беру ұйымы өтінішті дұрыс толтырмағаны үшін рейтингке енбеген. Қалған 58-і рейтинг тізімінен табылды. Оның ішінде 6 ұлттық, 21 мемлекеттік, 7 акционерлік және 24 жеке меншік білім беру ұйымдары бар.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Жолдауында жоғары оқу орындарының сапасы, білім беру мен дамуына баса мән берді.

- Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет. Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек. Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет, - деген болатын.

Жоғары оқу орындары арасындағы бәсекедегі артықшылықтарының бірі - білім беру қызметтерінің ұлттық және халықаралық нарықтардағы беделі. Бүгінгі таңда рейтингтер әлемдік білім беру нарығының негізгі барометрлерінің және әлеуметтік артықшылықтарды қалыптастыру құралдарының біріне айналды.

Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің ұлттық рейтингі қазақстандық жоғары оқу орындарына өздерінің ұстанымдарын айқындауға, білім беру қызметтерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін бағалауға, ЖОО-ның жоғары сапалы жұмысына жәрдемдесуге және ең бастысы — білім алушыларды көптеп тартуға және жұмыс берушілер үшін тартымдылықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жоғары оқу орындарының рейтингісін анықтау білім беру жүйесінің ажырамас құралы болып табылады және республика жұртшылығы арасында үлкен қызығушылық тудырады.

2014 жылдан бастап Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі жүргізетін қазақстандық ЖОО-лар рейтингісі төмендегі талаптар бойынша сараланады:

• талантты студенттер, оқытушылар және зерттеушілерді тарту;
• студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық мобильділігі;
• түлектерді дайындау және жұмысқа орналастыру сапасы;
• ЖОО мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі;
• оқытушылардың, докторанттар мен магистранттардың ғылыми жарияланымдарының бәсекеге қабілеттілігі;

Биылғы рейтингте алғашқы үштікті мамандарды даярлаудың білім беру бағдарламаларының әрбір бағыты бойынша максималды көрсеткіштерге қол жеткізген жоғары оқу орындары бастап тұр. Бірінші орынға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, екінші орынға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті орналасқан. Үздік үштікті М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті түйіндеп тұр. 

Орын ЖОО Ұпай
1 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 281 259
2 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 148 406
3 М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 69 770
4 С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті
Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
45 799-43 642
5 Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті 38 458
6 Қазақ ұлттық аграрлық университеті
Тұран университеті
32 238-31 403
7 Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Алматы технологиялық университеті
27 775-26 583
8 С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті
С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті
М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті
26 431-22 809
9 Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы
20 663-19 902
10 Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті
Алматы энергетика және байланыс университеті
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
16 923-15 757
11 М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті
15 024-14 996
12 І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті
Халықаралық білім беру корпорациясы
Нархоз университеті
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы
13 920-12 271
13 С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті
Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті
С. Демирель атындағы университет
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
10 612-9038
14 Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Рудный индустриалды институты
Семей қаласының Мемлекеттік медицина университеті
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті
8482-7062
15 Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті
Сырдария университеті
Қазақ технология және бизнес университеті
Шет тілдері және іскерлік мансап университеті
Қазақ спорт және туризм академиясы
А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті
6880-5820
16 Каспий қоғамдық университеті
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты
Алматы университеті
Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті
Тұран-Астана университеті
5196-4230
17 М. Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты
Алматы экономика және статистика академиясы
Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль және жол академиясы
3937-3674
18 Алматы басқару университеті
Қазақстан-Ресей халықаралық университеті
Қайнар академиясы
3050-2973
19 Инновациялық Еуразия университеті
Азаматтық авиация академиясы
2299-1852
20 Қазақстан инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университеті
М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті
Атырау мұнай және газ университеті
1771-1459
Н. Үсенова