Күлімде, Наурыз, күлімде!

Күлімде, Наурыз, күлімде!
Фото: П. Медетбекова

Әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университеті филология факультеті жалпы тіл білімі кафедрасы жанынан құрылған «Мұрагер» еріктілер қозғалысының мүше-студенттері 5 жылдан астам уақыт «Ардагерлер үйінде», Алматы қаласы «Жанұя» кешенінде, Орбита ықшамауданындағы №1 Балалар үйінде түрлі мерекелік, қайырымдылық шаралар қалалық және республикалық көлемде өткізіп келеді. 

Бүгінгі күні еріктілердің саны 100-ден астам. Қайырымды, мейірімді, сонымен қатар білімді студенттеріміз көмекке зәру жандарға көмек қолын созуға әзір екені көңілге жылулық ұялатады. Атап кеткен жөн, университетіміз студенттерге білім мен қатар тәрбие беруде елеулі жұмыстар атқарып жатқаны баршаға мәлім. 

Әл-Фараби ат. ҚазҰУ студенттерге білім мен қатар келешекте қоғамда бәсекеге қабілетті маман дайындауда жан жақты жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі университет студенттерінің №1 Балалар үйінде өткен ұлттық мерекелік шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Наурыз мерекесі. Ұлтымыздың салт-дәстүрі мен танымына арналған мерекеге балалар үйінің демеушілерімен қатар, көптеген қонақтардың қатысуымен өткен шараға балалар үйіндегі балалар мен университетіміздің студент жастары өз өнерлерін көрсетті. Ұлттық би, ән, тақырыпқа байланысты қойылымдар жаныңды жадыратып, көңіліңді көтереді. Тәрбиешілер мен студенттердің бірлесе ұйымдастырып, балаларды өнерге баулуының өзі бүгінгі таңда өте маңызды. Ең қызығы кішкентай бүлдіршіндерден бастап мектеп жасындағы ұл-қыздар қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, қазақ мектебінде білім алып, ұлтымыздың салт-дәстүрінен хабары мол екенін дәлелдеді. Аталмыш мерекеге арналған тақпақтар мен мақал-мәтелдер сайысы да бірнеше тілдерді қамтып жатты. 

Мерекені тойлау барысында түрлі ұлттың биін билеп, әнін сол тілде шырқап көрермендердің алғысына бөленіп жатты. Демеушілердің арнайы дайындаған сыйлықтары балаларға, балалардың өз қолдарымен жасалған сыйлықтары демеушілер мен қонақтарға тапсырылды. Бұл тәрбиешілердің ерен еңбегінің арқасында. Ал университетіміздің жастары сол балалармен бірге барын салып өз өнерлерін көрсетуі арқылы келешекте жақсы, тәрбиелі, еліміздің нағыз патриоты болып өсуіне мол үлес қосары сөзсіз. 

Сонымен қатар, «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының 1 және 2 курс студенттері жыл бойы осы балалар үйінде педагогикалық тәжірибеден өтуде. Балаларға ағылшын тілі сабағына көмектесіп, ағылшын тілінде ойындар ұйымдастырып, ән айтып білімін жетілдіруде де өз үлестерін қосуда. 

Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, жалпы тіл білімі
және еуропа тілдері кафедрасының оқытушылары:
проф. Мадиева Г.Б., 
оқытушылар Медетбекова П.Т., Досанова А.М.

Ө. Сансызбай